«Жас ұлан» мектебінің түлектері ҰБТ тапсыру кезінде жоғары нәтижелер көрсетті

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Астанада армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебін бітірушілердің оқу орнымен қоштасу салтанаты болып өтті. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаменті басшылығының өкілдері, ұландардың ата-аналары, Қарулы Күштер ардагерлері қатысты.

«Жас ұлан» мектебінің түлектері ҰБТ тапсыру кезінде жоғары нәтижелер көрсетті

«2013 жылғы түлектер ҰБТ тапсыру кезінде жоғары нәтижелер көрсетті. Орташа көрсеткіш 82 балды құрады. Бұл көрсеткіш республиканың басқа әскери мектептерімен салыстырғанда жоғары деңгейде екендігін атап өткен жөн»,-деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Биыл республикалық «Жас ұлан» мектебін 55 тәрбиеленуші бітірді. Олардың 45-і жоғары әскери оқу орындарына баруға шешім қабылдады. Бұл көрсеткіш мектеп басшылығы мен оқытушылар құрамының әскери-кәсіби бағытта балаларға білім берудегі өздерінің негізгі тапсырмаларын лайықты деңгейде орындап отырғандығына негіз болады.

«Мектеп тәрбие жұмысының негізгі мақсаты - ұландардың Отанға деген сүйіспеншілігін ояту, олардың санасына қазақстандық патриотизм мен елге халыққа деген адалдық сезімін сіңіру болып табылады. Ұландарымыздың өз өмірлері мен тағдырларын армиямен байланыстырғылары келетін ұмтылыстарын көріп, біз нағыз Отан қоғаушыларын тәрбиелеудеміз деп нық сеніммен айта аламыз» ,- деді ҚР Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы генерал-майор Еділ Оразов.

Мектеп бітірушілердің оқу орнымен қоштасу салтанатын республикалық мектептің бастығы Марат Ботин өткізді. Ол мектеп бітіруші түлектерге таңдаған оқу орындарына түсіп, «Жас ұлан» мектебінде алған білімдері мен дағдыларын жоғары оқу орнында тиімді пайдалана білуге тілек білдірді.

Құрметті қонақтармен бірге салтанатқа мемлекеттік авиациялық орталықтың бас директоры генерал-майор Жиентай Сандыбаев та қатысты. Аталған орталықтың көмегімен «Жас ұлан» мектебінің көптеген оқушылары ұшу шеберлігінің қыр-сырларымен танысқандығы шындық. Бұл олардың Әуе қорғанысы күштері әскери оқу орындарын таңдауларына себеп болғандығы да жасырын емес.

Салтанатты рәсімнен кейін Республикалық Гвардияның құрметті қарауыл ротасы мен «Жас ұлан» мектебінің барабаншылар ротасы жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетті.