«Жас ұлан» республикалық мектебіне жүз кітап пен С.Нұрмағамбетов туралы «ОтАсу» романының жиырма данасы тарту етілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесу болып өтті. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған «Ерлік - елге мұра!» атты бұл патриоттық шараны Мемлекеттік тілді дамыту қоры ұйымдастырды.

«Жас ұлан» республикалық мектебіне жүз кітап пен С.Нұрмағамбетов туралы «ОтАсу» романының жиырма данасы тарту етілді

Бұл туралы аталған қордың баспасөз қызметі.

«Біздің қызметіміздің арналы бір саласы жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу болып табылады, - деді шараны ашар сөзінде Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев. - Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап, жастар арасында ел мен жерді сүюдің, тағдырлас отандастармен өзара тату-тәтті өмір сүріп, республикамыздың гүлденуіне атсалысудың перзенттік парыз екендігін жан-жақты насихаттаудамыз. Бүгінгі кездесу соның бір мысалы ғана».

Кездесу барысында Кеңес Одағының Батыры, бірінші Халық Қаһарманы, тәуелсіз еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы туралы «ОтАсу» роман-дилогиясының авторы, жазушы-журналист Болат Жүнісбеков болашақ генералдарға халқымыздың біртуар қайраткері туралы кең әңгімеледі. Жастарға қаршадай қазақ баласының майдандағы ерлігі мен бейбіт кезеңдегі қажырлы қызметі жөнінде нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар тұңғыш министрдің Елбасы - Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен төл Қарулы күштерімізді нығайту жолындағы ерен еңбегі жастарға үлгі етілді.

«Жас ұлан» мектебінің ұжымы атынан директордың орынбасары Амантай Жарбосынов болашақ Отан қорғаушылар даярлаудағы қызметтері туралы ой бөлісіп, шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.

Мемлекеттік тілді дамыту қоры мектептің кітапханасына әртүрлі тақырыптағы қазақша жүзден аса кітап пен Сағадат Нұрмағамбетов туралы «ОтАсу» романының жиырма данасын сыйға тартты.