«Жас ұландықтар» қатарына жаңадан қосылған оқушылар ант қабылдады

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне жаңадан қабылданған 79 ұлан салтанатты түрде ант қабылдады.

 «Жас ұландықтар» қатарына жаңадан қосылған оқушылар ант қабылдады

Биыл«Жас ұлан» республикалық мектебіне 12 жыл толып отыр. 1999 жылы дәл осы күні Мемлекет басшысы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен мектептің салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын.

«Нағыз командир атануға және Отандарыңыздың берік қорғаушысы болуға ынталаныңыздар. Қазақстандық армияның негізін білікті кәсіби әсери қызметшілер қалайтындығын естеріңізден шығармаңыздар. Сіздерге - Жас ұландықтарға біздің Отанымыздың стратегиялық мақсатын орындау, XXI ғасырдың жоғары кәсіпқой армиясында қызмет ету бақыты түсіп отыр», - деді ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, генерал-майор Асхат Рыспаев.

Мектеп тәрбиеленушілері 5 сыныптан 11 сыныпқа дейін оқиды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мектептің заман талабына сай жабдықталуына ерекше мән беруде. Бұл жерде заманауи 11 интерактивті сынып, жабық жүзу бассеині бар. Мектептің 2010 жылғы түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы табыстарға қол жеткізді. Мектеп бойынша орташа көрсеткіш 90,4 балды құрады. 2007 жылғы қыркүйектен бері 10 сыныптың ұландары жаз айларында ТЛ-2000 жеңіл моторлы ұшақтарды бағындыруға атсалысып келеді. Оны аяқтағаннан кейін жеңіл ұшақтарды меңгерген ұшқыш құжатын алады.