«Жаса, Қазақстан! Жаса, қазақ қыздары!» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 ақпан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Кеше Парламент Сенатының кезекті пленарлық отырысы болып өтті. Күн тәртібінде Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы қаралды. Отырысты палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті жұма күнгі нөміріндегі «Кезектен тыс сайлау заңы қолдау тапты» деген мақаласында. Депутаттар өз сөздерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімінің орындылығын тілге тиек етті. Бұл қадам Президенттің демократиялық принциптерге беріктігін, еліміздің тағы бір тарихи сынақтан сүрінбей өткендігін көрсетеді. Елбасы Негізгі Заңымызда көрініс тапқан құндылықтарды басшылыққа ала отырып, қиын жағдайдан шығудың оңтайлы жолын таба аларын тағы бір дәлелдеді. Осылайша өз пікірлерін білдірген сенаторлар Мәжіліс мақұлдауынан өткен «Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңын қабылдады.
Кеше 7-Қысқы Азиада ойындарының аясында хоккейден қыздар арасында ақтық ойын өтіп, онда Қазақстан құрамасы Қытай командасын 4:1 есебімен жеңіп, осымен 3 мәрте Азиада чемпионы атанды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жаса, Қазақстан! Жаса, қазақ қыздары!» деген мақала жарияланды. «Қазақ әнұраны ойналғанда бәрінің қосылып шырқағанын-ай! Жанкүйерлерге еркеледі қыздар. Олардың сүйкімді қалпын, еркелігін бүкіл қазақ даласы көтерсе де болады. Сондай ерлік келді қазақ қыздарының қолынан. 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың құрамасы 16 миллион халқы бар Қазақстан құрамасының алдында тізе бүгіп жатса осындай сөзді қалай айтпауға болады? Екінші орын Жапония құрамасына бұйырды. Дүниежүзілік рейтингте Қазақстан мен Жапонияның алдында тұрған Қытай құрамасы қола медальға ие болды», деп жазады басылым.
«Айқын» газетінің жазуынша, Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде 2010 жылдың қорытындысы шығарылып, 2011 жылдың міндеттері талқыланды. Министрлік 2009-2010 жылдары «Жол картасы» шеңберінде өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта дарлау стратегиясын жүзеге асыру мақсатында мемлекет қазынасынан 342,7 млрд теңге жұмсады. Нәтижесінде 9 мың жоба ақиқатқа айналып, 392 мың жұмыс орны ашылды. 150 мың адам даярлаудан және қайта даярлаудан өтіп, 109 мың адам жұмыспен қамтылды. Сөйтіп, өткен жылдың соңында жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызға төмендеді.
Осы басылымда «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевпен арадағы сұхбат «Біз - жеңімпаз жағындамыз...» деген тақырыппен берілген. «Кезектен тыс президент сайлауы өткен жағдайда саяси партиялар қалай әрекет етпек, олар сайлау додасына дайын ба?» деген сауалдарға тұщымды жауап берген ол: «Қазір мәселе - сайлауда Президенттің қайта сайланатындығында емес, онан кейін қандай әлеуметтік-экономикалық, саяси бағыт қалыптасатындығында. Егер ауылды, ғылымды, білімді дамытып, парақорлықпен күресетін болсақ, Президенттің саясатын қолдаймыз. Біз «Ауыл» туралы арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс деп есептейміз», - деген.
***
«Оралмандарға сапасыз үй салып беру сәнге айналған ба?». «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланған мақалада Қызылжардағы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған үйлерге арзан, сапасыз құрылыс материалдары пайдаланылған. Соның кесірінен қақаған қыста кейбір үйлердің қабырғаларына сызат түскен. Бұл туралы арнайы тексеріс жүргізгеннен кейін облыстық прокуратура хабарлаған. Кінәлі ретінде аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Ислам Нұрғалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр. «Мұнда өткен жазда «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыға 140 үй бой көтерген болатын. Ресейден, Өзбекстан мен Моңғолиядан және Қытайдан көшіп келген қандастарымыз қоныстепкенді-ді. Алғашында жаңа үй алғандарына қуанған олар қазір арыздарын құшақтап, ана есікті бір, мына есікті бір сығалаумен жүр. Себеп - үйлердің сапасыз салынғандығы және бағасының қымбаттығы», - деп жазады басылым.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Ой-көкпар» айдарының білікті мамандарға бағыттаған бүгінгі сауалы - «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жол бермей отырған лоббистерді тойтару мүмкін бе?». Осы сауалға жауап берген «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім: «Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттің саясатына қолдау көрсетуі керек. Бұл - дәделдеуді қажет етпейтін аксиома. Қазіргі біздің мемлекеттік саясатымыздың ең негізгілерінің бірі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу. Ендеше, биліктің барлық тармағында отырған азматтар мемлекеттің ұстанып отырған саястын жүзеге асыруға күш салуы керек», - дейді. Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Біздің еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап нарықтық қоғам құруды көздеді. Және 2002 жылы Қазақстанды әлем елдері нарықтық экономикаға негізделген мемлекет деп таныды. Ал сіз айтып отырған лоббистердің қоғамда болуы - барлық нарықтық мемлекетке тән құбылыс. Сондықтан лоббистерді тойтару, олармен күрес қашан да оңай жұмыс болмаған және болмайды да», - деп жауап қатқан.
***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың референдум өткізуден бас тартып, кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу туралы шешімі қоғам арасында тың серпіліс туғызды. Осыған орай еліміздің қоғам қайраткерлерімен қатар шетелдік білікті мамандар да өз пікірлерін білдіруде. Солардың бірқатары «Казахстанская правда» газетінің жұма күнгі нөмірінде жарияланып отыр. Мәселен, Ұлыбританияның ЕО істері жөніндегі министрі Дэвид Лидингтон: «Конституциялық кеңестің референдумды өткізуден бас тартып отырғанына байланысты мен Президент Назарбаевтың президенттік сайлауды үстіміздегі жылдың аяғына дейін өткізу туралы шешімін қолдаймын. Бұл Қазақстанның демократиялық бағытқа жақындығының тағы бір көрінісі болып табылады. Қазақстан билігі сайлауды қабылданған халықаралық стандарттарға сай өткізуді қамтамасыз етуде біздің қолдауымызға үміт арта беруіне болады», - деп атап өткен. Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысының жұртшылықпен және баспасөзбен байланыстар жөніндегі көмекшісі Филип Кроули: «Біз Қазақстан Үкіметінің ұлттық референдум өткізбеу туралы шешім қабылдағанын білеміз және де біз мұны Қазақстанның оң шешімі болды деп ойлаймыз», - депті.