Жасампаз әрі жаңашыл ұлт ретінде түбегейлі жаңғыру жолына бет бұрдық – Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік және дүниежүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

а
Фото: Ақорда

- Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр. Биыл Қазақстанның дербес мемлекет болғанына — 35 жыл. Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүниежүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр. Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді. Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттілігіміз нығайды. Осылайша Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды.

- Бұл да тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға. Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде десек, артық болмас. Енді алдымызда тұрған мақсат — шын мәнінде айбынды. Біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, адал еңбек пен айрықша жауапкершілік қасиеттерін жоғары бағалайтын Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын қолға алдық. Соның арқасында азаматтарымыздың бойында жаңа этика мен мүлде жаңа сипаттағы бітім-болмыс қалыптаса бастады. Біз жасампаз әрі жаңашыл ұлт ретінде түбегейлі жаңғыру жолына бет бұрдық, - деді Мемлекет басшысы.