ЖИ технологияларын «электронды үкімет» платформасына имплементациялау биыл басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект технологияларын «электрондық үкімет» платформасына имплементациялауды биылдан бастау қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

 Женевада жасанды интеллектке қатысты Қытай-АҚШ диалогының бірінші раунды өтті
Фото: pixabay.com

«Жолдауда цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Жасанды интеллект технологияларын «электрондық үкімет» платформасына имплементациялауды биылдан бастау қажет. Осы жылғы желтоқсанда жұмыстың алғашқы нәтижелерін қорытындылауға тиіспіз», – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Премьер-Министр 2025 жылы Ұлттық жасанды интеллект орталығын іске қосу және Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу жұмысын аяқтау тапсырылғанын еске салды.

«Осыған байланысты Цифрлық даму министрлігі бір ай мерзімде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты іс-шаралар мен жауапты орындаушылар көрсетілген тиісті іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, бекітуі қажет. Бұл ретте жаңа дата-орталықтардың құрылысын аяқтау жұмысын жеделдету және телекоммуникациялық желі ресурстарын белсенді іске қосу маңызды», - деді Олжас Бектенов.