Жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін шектеп, жалқау қыла ма – IT маманмен сұхбат

Мейіржан Әуелхан
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Күн санап дамып келе жатқан жасанды интеллект адамның жүгін жеңілдетіп, қолын ұзартып жатқаны ақиқат. Дегенмен бұдан жалқау, ойлау қабілеті шолақ ұрпақ қалыптаса ма деген үрей бар. Әсіресе жасанды интеллект білім саласына енгізіле бастағанда ата-аналардың арасында ашық қарсылық білдіргендер аз болмады. Осы орайда IT маман Мейіржан Әуелханұлын әңгімеге тартып, көпті толғандарған сауалдарға жауап алып көрдік.

— Ата-аналар жасанды интеллекттің (ЖИ) осыншама тез дамып келе жатқанына үрейленіп келеді. ЖИ-дің мектепке, кітапханадағы түрлі үйірмелерге енгізілуіне қарсылық білдіріп те жатыр. Олардың үрейленуіне негіз бар ма?

— Ана-аналардың үйрейленуі орынды деп есептеймін. Бірақ жасанды интеллект саласын түсіну және ата-аналарға дұрыс, жан жақты жауап беру арқылы, ЖИ-дің оң және теріс әсерлерін теңгерімде ұстауға болады. Жасанды интеллекттің тез дамуы көп адамда әртүрлі үрей тудырып отыр. Әсіресе ол қоғамдық және білім беру салаларына қалай әсер ететініне байланысты сұрақ мол. Ата-аналардың ЖИ-дің мектептерге және кітапханалардағы үйірмелерге енгізілуіне қарсылығы орынды.

ЖИ-дің адамдардың ойлау және шешім қабылдау қабілеттерін баяулатуы мүмкін деген пікір бар. Бұл адамдар ЖИ-ге тым көп сүйеніп, өз бетінше ойлану және шешім қабылдау қабілеттерін жетілдірмеуі мүмкін деген қауіптен туындайды.

Ол үшін білім беру саласындағы тепе-теңдікті сақтау керек деп есептеймін. Сонымен бірге сыни ойлау дағдыларын дамыту маңызды. Білім беру бағдарламаларында сыни ойлау, шешім қабылдау және шығармашылық дағдыларды дамытуға басымдық беру керек. Мұны ЖИ технологияларын пайдалана отырып, бірақ олардың дамуына кедергі келтірмей, көмекші құрал ретінде қарастыру арқылы жүзеге асыруға болады.

ЖИ-дің шектеулерін түсіндіру де маңызды. Оқыту барысында ЖИ-дің мүмкіндіктері мен шектеулері туралы ақпарат беру, оның адамның шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерінің орнын баса алмайтындығын түсіндіру керек.

— Жасанды интеллект жалған ақпараттың өршуіне сеп болмай ма? 

— Фейк ақпараттың көбеюі — бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе. Ол үшін барлық адам ақпараттық сауаттылықты меңгеруі керек. Осы үрейлерге қарамастан, ЖИ-ді оңтайлы пайдалану адамдарға және қоғамға көп пайда әкелуі мүмкін. Мысалы, білім беруде ЖИ мұғалімдерге жеке оқу жоспарларын жасауға, студенттердің қажеттіліктеріне жауап беруге және оқу материалдарын тиімдірек беруге көмектесе алады. ЖИ-ді дұрыс реттеу, адамдарды оқыту және этикалық нормаларды сақтау арқылы, оның пайдалы әсерлерін арттырып, зиянды әсерлерін азайтуға болады.

— Қазіргі уақытта Қазақстанда ЖИ қаншалықты дамып келе жатыр деп айта аласыз?

— Қазақстан ЖИ саласындағы стратегиялық жоспарларын айқындау үшін 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама және басқа да стратегиялық құжаттар әзірлеген. Бұл құжаттарда жасанды интеллектті дамытуға бағытталған міндеттер мен іс-шаралар белгіленген. Олар арқылы суперкомпьютерлерді іске қосу, ЖИ платформаларын құру және қазақ тіліндегі ЖИ қызметтерін дамыту сияқты бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Мемлекеттің мұндай қолдауы арқасында ЖИ саласы біздің елде қарқынды дамиды деп сенемін.

— Қорыта айтқанда, ЖИ-ді білім сынды маңызды салаларда қолданған дұрыс деп ойлайсыз ба?

— Өз жеке басым ЖИ-ді адамдардың пайдаланып, өз саласында қолданып, меңгергенін қалаймын. Әрине әртүрлі кемшіліктер болуы мүмкін. Бірақ бәрібір де ЖИ ең шешуші сәтті адамға қалдырады. 

— Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар