Жасанды интеллект мемлекеттік бюджеттің кірісі мен шығысын болжауға қалай көмектеседі

АСТАНА. KAZINFORM — Озық технологиялар кемшіліктерді түзетіп, артықшылықтарды арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгін жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы мүмкіндіктерді атап өтіп, цифрлық шешімдерді мемлекеттік басқару саласында кеңінен қолдануды тапсырды. 

Жасанды интеллект мемлекеттік бюджеттің кірісі мен шығысын болжауға қалай көмектеседі
Фото: Kazinform/ЖИ

Президент жасанды интеллект мүмкіндіктерін, әсіресе бюджетті қалыптастыру ісінде жан-жақты пысықтауды жүктеді.

Осыған орай Қаржы министрлігінің өкілдері бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

— Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы мен Бизнестің цифрлық картасын пайдалану бюджет кірістері мен шығыстарын болжауды жетілдіруге мүмкіндік береді. Қаржы министрлігіне қарасты Электрондық қаржы орталығының мамандарының айтуынша, заманауи аналитикалық модельдер әртүрлі көздерден алынған деректерді біріктіріп, өңірлердің қаржылық жағдайын тереңірек бағалауға, бюджет түсімдері мен шығыстарына әсер ететін факторларды анықтауға және басқару шешімдерін қабылдауға қажетті болжамдар әзірлеуге көмектеседі, — деді Қаржы министрлігіне қарасты Электрондық қаржы орталығының мамандары.

Өңірлердің қаржылық көрсеткіштері талданады

Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы өңірлердің қаржылық көрсеткіштерін визуализациялауға және талдауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен аумақтар арасындағы айырмашылықтарды бағалап, қолжетімді көрсеткіштердің өзгерісін бақылауға болады.

Картографиялық визуализация өңірлердегі қаржылық жағдайды жан-жақты талдап, тиісті шешімдер қабылдауға қажетті ақпараттық негіз қалыптастыруға ықпал етеді. Осылайша, цифрлық карта жоспарлау кезінде деректердің көрнекілігі мен қолжетімділігін арттыратын аналитикалық құрал ретінде қолданылады.

Бизнес деректері бюджет болжамын толықтырады

Электрондық қаржы орталығының мамандары «Бизнестің цифрлық картасы» қаржылық талдауды кәсіпкерлік қызметке, бизнестің өңірлер бойынша орналасуына және мемлекеттік қолдау шараларына қатысты ақпаратпен толықтыруға арналғанын атап өтті.

— Бизнестің деректерін өңірлік қаржылық көрсеткіштермен бірге пайдалану белгілі бір аумақтың экономикалық белсенділігін бағалауға және оның бюджет түсімдерімен өзара байланысын зерделеуге қосымша мүмкіндік береді, — деп түсіндірді орталық мамандары.

Жасанды интеллект болжамды сценарийлер әзірлеуге көмектеседі

Электрондық қаржы орталығы өкілдерінің айтуынша, машиналық оқыту әдістерін қолдану тарихи деректердегі заңдылықтарды анықтауға, макроэкономикалық көрсеткіштердің әсерін бағалауға және бюджет кірісінің жекелеген көздері мен шығыстар бағыттары бойынша болжамды сценарийлер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Кірістерді болжау кезінде салық түсімдерінің динамикасы, соның ішінде корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы, сондай-ақ макроэкономикалық факторлардың салық базасына ықпалы талдануы мүмкін. Бұл түсімдердің ықтимал өзгерістерін бағалап, бюджеттің атқарылуына әсер етуі мүмкін факторларды анықтауға көмектеседі.

— Ал шығыстарды болжау кезінде олардың бұрынғы динамикасы, маусымдық өзгерістері, бюджет міндеттемелері және қаржыландыру қажеттілігіне ықпал ететін басқа да факторлар ескеріледі. Машиналық оқыту модельдері шығыстардағы заңдылықтарды зерттеп, мамандардың кейінгі талдауына арналған болжамды бағалауларды қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді орталық мамандары.

Орталық мамандарының пікірінше, мемлекеттік бюджет кірістері мен шығыстарының болжамды модельдерін әзірлеуде тарихи деректерді, макроэкономикалық индикаторларды, өңірлік қаржылық көрсеткіштерді және кәсіпкерлік белсенділік туралы мәліметтерді кешенді пайдалану перспективалы бағыттардың бірі саналады.

— Жасанды интеллект технологиялары тұрақты заңдылықтарды анықтауға, түрлі факторлардың әсерін бағалауға, болжамды сценарийлерді салыстыруға және мамандарға болжамды ауытқуларға уақтылы назар аударуға көмектеседі. Сонымен қатар болжамдардың сапасы бастапқы деректердің толықтығы мен сенімділігіне, әдіснаманың дұрыстығына және нәтижелердің үнемі тексерілуіне байланысты, — деп түйіндеді орталық қызметкерлері.

Демек, аталған жобаларды дамыту мемлекеттік қаржы жүйесін жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект құралдарын кезең-кезеңімен енгізу болжам жасау мүмкіндіктерін кеңейтіп, аналитикалық қорытындылардың негізділігін арттыруға және мемлекеттік қаржы саласында тиімді шешімдер қабылдауға ықпал етеді.

Бұған дейін Kazinform Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының толық мәтінін жарияланған еді.