Жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмысын екі есе жеңілдетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект азаматтардың мемлекеттік органдардан жауап күту уақытын шамамен екі есе қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы елордада «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты форумда Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун мәлім етті.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдарға қазақстандықтардан жыл сайын 6 млн-нан астам өтініш келіп түседі. Бұл ретте өтініштерді қарастыру жұмысы жүйеге жүктемені арттырып жатыр.
— Қазір мемлекеттік органдарға азаматтардың сауалдарын өңдеуге көмектесетін 15-тен астам түрлі агент пен қызмет түрі жұмыс істейді. Жақын арада осы сауалдардың шамамен жартысын жасанды интеллект көмегімен автоматты түрде өңдеу жоспарланып отыр. Мұның себебіне тоқталсақ, келіп түсетін сауалдардың жартысынан көбі ақпараттық сипатқа ие, яғни адамдар көбінесе заңнамаға немесе күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайларға қатысты сұрақтар қояды, - деді Дмитрий Мун.
Сонымен қатар жүйеден келіп түскен жауап толыққанды болмаса, онда әр адам мәселені әрі қарай қарастыру үшін тікелей мемлекеттік органға немесе лауазымды қызметкерге онлайн режимде сауал жолдай алады.
- Осылайша, жақын арада жасанды интеллект азаматтардың мемлекеттік органдардан жауап күту уақытын шамамен екі есе қысқартуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, биыл елде жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайды.