Жасанды интеллект мұнай өндіру көлемін қаншалықты арттырады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов саладағы цифрлық жобалар мұнай өндіру көлемін арттыратынын айтты.
- ҚазМұнайГаз Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында геология және мұнай өндіруден бастап, оны тасымалдау, өңдеу және мұнай өнімдерін сатуға дейін мұнай-газ өндірісінің бүкіл тізбегін қамтыды. Компанияда жасанды интеллект қолданылып, 50 цифрлық жоба іске асырылып жатыр. Енгізуден жалпы экономикалық әсер 2030 жылға дейін 390 млрд теңгені құрайды. Цифрлық шешімдердің басым бөлігін еншілес ұйым KMG Digital енгізіп жатқанын айта кеткім келеді. «Кен орнының цифрлық телнұсқасы» – жасанды интеллект қолданылатын негізгі цифрлық жобалардың бірі. «Кен орнының цифрлық телнұсқасы» жерасты бөлікті, яғни қабатты, ұңғыманы жерүсті инфрақұрылыммен бірыңғай жүйеге біріктіреді. Бұл кен орнының жұмысын модельдеуге, игерудің оңтайлы режимдері мен технологияларын таңдауға және өндірістік шешімдерге жедел түзетулер енгізуге мүмкіндік береді, - деді А.Хасенов.
Оның айтуынша, алғашқы жоба «Ембімұнайгаз» компаниясының Шығыс Молдабек кен орнында іске асырылып жатыр. Мұнай қоры шамамен 14,8 млн тонна болғанымен, бүгінде оның небәрі 36,7%-ы игеруге тартылған. Жасанды интеллект алгоритмдері енгізілген қабаттың цифрлық моделі қалдық қорлары бар учаскелерді анықтап, оларды игеруге алу бойынша үшін оңтайлы шешімдерді айқындайды.
- Бір практикалық мысалға тоқтала кетейін. Цифрлық қабат шеңберінде жасанды интеллект игерудің 600-ден астам сценарийін есептеп шықты. Бұрын мұндай есептеуге бір айдан астам уақыт кететін болса, қазір ол 6 күн ішінде орындалады. Сценарий ұңғымалардың орналасуын және оны бұрғылау түрлерін, экономикалық тиімділігін, ұңғымалардың және қабат қысымын ұстап тұру жүйесінің оңтайлы жұмыс режимін таңдауды қамтиды. Мәселен, цифрлық модельдеу бастапқыда көзделген 6 тік ұңғыманың орнына неғұрлым тиімді нұсқа – 2 көлденең ұңғыма бұрғылауды анықтауға мүмкіндік берді. Тек осы бір шешімді оңтайландырудан экономикалық тиімділік 640 млн теңгені құрады. Сонымен қатар осы шешім бұл кен орнында мұнай өндіруді 45%-ға арттыруға мүмкіндік береді, - деді ҚМГ басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, «Кен орындарының цифрлық телнұсқасы» өндірудің шамамен 90%-ын қамтамасыз ететін ҚМГ-ның ТОП-12 кен орнында енгізілетін болады. Жобаны енгізуден 2030 жылға дейін қосымша 2,9 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен және «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, осы шешімдердің барлық өндірістік активтерде кеңінен қолданылуын қамтамасыз етуді тапсырды. 2028 жылдың соңына дейін 12 негізгі кен орнында цифрлық телнұсқаларды толық іске қосу қажет.