Жасанды интеллект Наполеонның 217 жыл бұрын жазған құпия хатын ашты
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект Наполеон Бонапарттың 217 жыл бойы мазмұны белгісіз болып келген құпия хатын шифрдан шығарды. Бұл туралы The Telegraph газетіне сілтеме жасап, 24kg жазды.
Басылымның мәліметінше, GPT-6 Astra нейрожелісі Франция императоры Наполеон Бонапарттың 1809 жылы жазған құпия хатын оқуға мүмкіндік берген.
Хат Наполеонның өгей ұлы Эжен арқылы генерал Огюст де Мармонға жіберілген. Онда Франция мен Габсбург монархиясы арасындағы әскери қақтығыс қарсаңында француз және австриялық әскерлердің орналасуы мен саны туралы мәліметтер болған.
Хатты шифрдан шығарумен SentinelOne компаниясының жасанды интеллект жөніндегі инженері Картер Черч айналысқан. Оның айтуынша, нейрожелі шамамен 1 300 таңбадан тұратын мәтінді талдап, шифрдың криптографтарға белгілі элементтерімен салыстыруға алты сағаттай уақыт жұмсаған.
Талдау барысында «имитациялық күйдіру» әдісі қолданылған. Бұл тәсіл арқылы жүйе сөздердің әртүрлі нұсқаларын қарастырып, алынған нәтижелерді генерал Мармонның сақталған өзге хаттарымен салыстырған.
Шифры шешілген хатта генералға жорыққа дайындалу және «бірнеше жасақтан немесе тобырдан» қорықпау тапсырылған. Сондай-ақ хатта Австрияға «барлық бағыттан дереу шабуыл жасалатыны» айтылған.
Десе де жақында Нобель сыйлығының лауреаты Джеффри Хинтон адамзат жасанды интеллектіні бақылаудан шығарып алуы мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан еді.