Жасанды интеллект тұжырымдамасының жобасы жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – «Ашық НҚА» порталында елімізде жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы жарияланды. Құжатты әзірлеуші ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Тұжырымдама жобасына сәйкес, Қазақстанда суперкомпьютерлер 2025 жылға қарай іске қосылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, ұлттық жасанды интеллект платформасын құру ұсынылады. Ол 90-нан астам мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен деректер жиналған Smart Data Ukimet базасында құрылады. Нәтижесінде жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып ұсынылатын мемлекеттік қызметтер үлесінің 2029 жылға қарай 20%-ға өсуі болжанады. 2029 жылға қарай жасанды интеллект платформасында жасалған кем дегенде 25 жасанды интеллект шешімі болуы керек.
Сонымен қатар, жасанды интеллект бойынша сертификат беретін оқыту курсын әзірлеу және ол ашық әрі қолжетімді болмақ. 2029 жылға қарай кемінде 80 мың адам жасанды интеллект бойынша білім алуы керек.
Тұжырымдамадағы маңызды бағыттардың бірі - нейрондық желілерге негізделген ұлттық тіл моделін әзірлеп, енгізу.
«Ұлттық тіл моделін іске асыру жасанды интеллект бойынша түрлі жобаларда қазақ тілін қолдануға мүмкіндік береді, осылайша шетелдік сервистерге тәуелділікті азайтады. Сонымен қоса, аталған бағыт бойынша отандық сараптама жасауға мүмкіндік береді, цифрлық ортада өз мәдениеті мен құндылықтарын сақтауға ықпал етіп, бір тілдік топқа кіретін тілдік модельді дамытуға серпін береді», - делінген жарияланған құжат жобасында.
Министрлікте жасанды интеллект саласында адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауды, жасанды интеллектке қатысты сапасыз шешімдердің салдарынан кемсітушіліктің барлық түріне жол бермеуді, Қазақстанның адамгершілік, рухани және мәдени құндылықтарына сәйкестікті қамтамасыз етуді көздейтін әдеп ережелері қабылдануы тиіс деп санайды.
Қазір жасанды интеллект жүйелеріне немесе роботтарға салық салудың қажеті жоқ. Бұл әрекетті жүзеге асыру компаниялардың жасанды интеллектті әзірлеу және енгізу үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалған басқа елдердің юрисдикцияларына көшуіне әкелуі мүмкін.
«Жасанды интеллект өнімдерін пайдалану кезінде туындауы мүмкін адам қауіпсіздігін қозғайтын тәуекелдердің бақылауында болуын қамтамасыз ету үшін елімізде жасанды интеллектті реттеу жөніндегі комиссия құрылатын болады. Оның функциясына жасанды интеллект қауіпсіздігі, этикалық нормаларды сақтау, нормативтік-техникалық және нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкестік, жасанды интеллект өнімін бағалау және оны қамтамасыз ету кіреді. Комиссия құрамына тиісті салалар бойынша сарапшылар тартылады. Сондай-ақ комиссия тұрақты негізде жасанды интеллект технологиялары әкелетін тәуекелдерді анықтау бойынша жұмыс жүргізетін болады», - делінген тұжырымдама жобасында.