Жасанды интеллект журналистерді алмастыра алмайды — Айгүл Мүкей

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл БАҚ қызметкерлерінің күні қарсаңында Мемлекет басшысы медиа саласының бірқатар өкілін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың бірі — Jibek Joly телеарнасының жүргізушісі Айгүл Мүкей. 

Жасанды интеллект журналистерді алмастыра алмайды — Айгүл Мүкей
Фото: Ақорда

— «Парасат» ордені — атқарылған жұмысқа берілген баға. Алғаш эфирге шыққаныма биыл 35 жыл толыпты. 1991 жылы Ақмолада жекеменшік телеарнада еңбек жолымды бастадым. Кейін «Хабар» арнасында «Бизнес хабар» бағдарламасын жүргіздім. Осы уақыт ішінде саланың ыстық-суығын көріп, мол тәжірибе жинадым. Қазір де түрлі форматтағы бағдарламаларды жүргізіп, кәсіби тұрғыда шыңдалып келемін, — деді Айгүл Мүкей Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Тәжірибелі журналистің айтуынша, уақыт өткен сайын тележүргізушіге қойылатын талап өзгеріп жатыр.

— Бұрын көрермен үшін ең алдымен жүргізушінің дауысы маңызды болса, қазір шынайылық алдыңғы орынға шықты. Бүгінгі күннің тренді осы. Бұдан бөлек, салада қалыптастыратын ұстаздың рөлі ерекше. Менің ұстазым — мемлекет қайраткері Камал Смайылов. Осындай жетістікке жетуіме сол кісінің тәлімі зор ықпал етті, — деді ол.

Айгүл Мүкей қазіргі аудиторияның ақпаратқа деген сұранысы өзгергеніне де тоқталды.

— Көрерменге хайп емес, сарапшылық көзқарасқа негізделген объективті ақпарат қажет. Сараптамалық журналистиканың рөлі бұрынғыдан да маңызды, — деді тележурналист.

Бағдарлама барысында цифрландыру дәуіріндегі журналистиканың болашағы мен жасанды интеллектінің ықпалы талқыланды.

— Қазір желіде жасанды интеллект жасаған әндер де, бейнероликтер де көбейді. Бірақ олардың ешқайсысы адамның эмоциясын, сезімін толық жеткізе алмайды. Болашақта жасанды интеллект саланы өзгертетіні сөзсіз. Алайда ол өз ісінің мамандарын алмастыра алмайды, — деді Айгүл Мүкей.

Айта кетейік, кәсіби мерекеде өңірдегі БАҚ қызметкерлері баспаналы болды.