Жасанды интеллектіні енгізуде кемшілікке жол бермеу керек – сенатор

АСТАНА. KAZINFORM – Сот жүйесі және құқық қорғау органдары қызметінде жасанды интеллектіні енгізу қаншалықты қауіпсіз? Тиімді ме? Сол сияқты сала мамандарының жұмысын қаншалықты жеңілдетеді? Осы және өзге де сауалға Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров жауап берді.

Соңғы жылдары заңгерлерді даярлау деңгейі сынға ұшырап отыр —Нұрлан Бекназаров
Фото: Сенат

- Судьялардың IX съезінде Мемлекет басшысы сот рәсімдерін оңайлату өте маңызды, ал оның шешімін табу жолдарының ішінде инновациялық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу арқылы мүмкін болатынына назар аударды. Бүгінде жасанды интеллектті енгізу құқық қорғау саласында және сот қызметінің сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Мысалы, жасанды интеллект келесідей салаларда қолданылуы мүмкін, заманауи жүйелер үлкен көлемдегі ақпаратты тез өңдеу және талдау арқылы заңсыздықтарды жылдам анықтай алады. Интеллектуалды бейнебақылау және бейнелерді тану жүйелері іздеуде жүрген қылмыскерлердің түрін, көлік нөмірін және күдікті заттарды танып, анықтап бере алады, - деді Нұрлан Бекназаров Сенат қабырғасында жасанды интеллектіні құқық қорғау органдары қызметінде қолдану тақырыбына арналған дөңгелек үстелде.

Сондай-ақ сенатор жасанды интеллектіні сот шешімін қабылдауда көмек құралы ретінде, яғни сот процесін автоматтандыруға пайдалану жағын айтты.

- Жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалық кешендер құқық нормаларын және алдыңғы сот шешімдерін талдап, судьяларға ұқсас істер бойынша үлгілерді табуға көмектеседі, бұл сот тәжірибесінің біркелкілігіне ықпал етеді және шешім шығаруды тездетеді. Жасанды интеллект сот ісін жүргізудің әдеттегі рәсімді автоматтандыруға мүмкіндік береді, келіп түскен істерді бөлуден және талап-арыздарды электрондық қабылдаудан бастап үлгілік құжаттарды дайындауға дейін мүмкіндік береді, - дейді ол.

Оның айтуынша, қазір барлық салада жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Бірақ қауіпсіздік тетіктерін естен шығармау қажет.

- Дегенмен жасанды интеллектті енгізу алдында ықтимал тәуекелдерді алдын ала бағалап, өлшеп енгізу қажет. Сондықтан жасанды интеллектті енгізе отырып, азаматтардың конституциялық құқығының қатаң сақталуын, жеке деректерді қорғауды және алгоритмдерде қандай да бір кемшілікке жол бермеу керек. Біз цифрлық инновацияларды енгізу қажет болған жағдайда заңнамалық базаны да жетілдіреміз, - деп толықтырды Сенат депутаты.

Қазір Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінде «Жасанды интеллект: оның технологияларын құқық қорғау және сот қызметіне енгізу және қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр. Жиынға Сенат депутаттары, құзырлы органдардың өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Жаңа ғана Мәжіліс жасанды интеллект туралы үш заңның жобасын мақұлдады. 

Соңғы жаңалықтар