Жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалануға тосқауыл қою керек - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Гүлісхан Нахбаева Жасанды интеллект және цифрлық даму, Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер министрліктеріне сауал жолдап, жасанды интеллект технологияларын пайдалану кезінде адамның бейнесін, дауысын және цифрлық болмысын қорғауға қатысты мәселені көтерді.
- Бүгінде жасанды интеллектінің заманауи технологиялары адамның бұрын-соңды айтпаған сөздерін сөйлетіп, жасамаған әрекеттерін жасатып, ешқашан болмаған жерде жүргендей етіп көрсететін фото, бейне және аудиоматериалдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл үшін жоғары кәсіби дағдылар мен арнайы құралдардың болуы міндетті емес. Ашық қолжетімді фотосурет немесе дауыс жазбасы жеткілікті. Мәселенің тағы бір қыры – жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалану. Әңгіме дипфейктер туралы болып отыр. Осындай бейнероликтердің бірі жуырда 240 мыңнан астам қаралым жинаған. Адамның келісімінсіз интимдік сипаттағы бейнелер мен бейнежазбаларды жасау ерекше қауіп төндіреді. Тіпті толығымен жасанды материалдың өзі адамның беделіне нақты зиян келтіруі мүмкін. Бұл ретте әйелдер мен кәмелетке толмағандар аса осал топқа жатады, - деді Гүлісхан Нахбаева.
Оның айтуынша, бүгінде осы құқықтық кепілдіктерді іс жүзінде іске асыру айрықша маңызға ие. Өзінің бейнесі немесе дауысы заңсыз пайдаланылған азамат қайда жүгіну керектігін, заңсыз материалды қалай жоюға болатынын және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке қалай тартуға болатынын нақты білуі тиіс. Бұл ретте уақытылы әрі тиімді шаралар қабылдау ерекше маңызды. Цифрлық ортада ақпараттың таралу жылдамдығы дәстүрлі ақпарат тарату арналарымен салыстырғанда мыңдаған есе жоғары.
- Сонымен бірге жеке тұлғаны қорғау мен сөз бостандығы, журналистік, ғылыми және көркемдік қызмет арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтау маңызды. Алайда адамның жария мәртебесі оның атынан жалған мәлімдемелер мен әрекеттерді шынайы оқиға ретінде таратуға негіз болмауы тиіс. Осыған байланысты адамның бейнесін, дауысын және цифрлық келбетін заңсыз пайдалану жағдайларын қарау кезінде қолданыстағы заңнаманы бірізді қолдануды қамтамасыз етуді сұраймыз. Екіншіден, құқыққа қайшы синтетикалық контентті жедел анықтау және оның таралуын тоқтату мақсатында мемлекеттік органдардың онлайн-платформалармен, оның ішінде шетелдік платформалармен өзара іс-қимылын күшейту маңызды, - деді депутат.
Сонымен қатар ол ЖИ технологияларын пайдалана отырып жасалатын құқық бұзу деректерін анықтау және тергеу тиімділігін арттыруды сұрады.
Бұған дейін хабарланғандай, мектептердегі бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу басталды.