Жасанды интеллектіні меңгерген мамандар 62 пайызға көп табыс табады

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллектіні меңгерген мамандар өзгелерге қарағанда орта есеппен 62 пайызға көп табыс табады. PwC халықаралық компаниясының биылғы зерттеуінде осындай дерек келтірілген.

АҚШ пен Қытай жасанды интеллект қауіпсіздігі мәселесінде келіссөз жүргізеді
Фото: Kazinform/Freepik

Сонымен қатар жасанды интеллект дағдыларын талап ететін жұмыс орындары еңбек нарығындағы өзге вакансияларға қарағанда әлдеқайда жылдам көбейіп келеді. Демек, жаңа технологияны меңгеру еңбек нарығындағы маңызды артықшылыққа айналып отыр.

Жасанды интеллект бүгінде тек сұраққа жауап беріп, мәтін жазумен шектелмейді. Ол дәрігерлерге ауруды анықтауға көмектесіп, өндірістегі жұмысты жеңілдетіп, кәсіпорындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда дайын қосымшаны пайдалану бір бөлек те, оны нақты кәсіби міндеттерді шешуге қолдану бір бөлек.

Қазақстанда осы бағытта AI Research Labs компаниясы жұмысын бастамақ. Жоба мамандарды жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдануға үйретуді көздейді. Университеттерде зертханалар ашу, кәсіпорын қызметкерлерін оқыту және өңірлерде білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру жоспарланған.

Жасанды интеллектіні кәсіби деңгейде меңгеретін мамандар жеткілікті ме? Кәсіпкер шығынын азайту, мұғалім сабақ сапасын арттыру немесе дәрігер жұмысын жеңілдету үшін бұл технологияны қалай қолдана алады? Қазақстандық компаниялар жаңа технологияны енгізуге қаншалықты дайын? Бұл туралы AI Research Labs компаниясының бас директоры Жәнібек Серқұлов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтып берді.

 Жәнібек Серқұлов
Фото: видеодан алынған скрин

Жәнібек Серқұловтың айтуынша, AI Research Labs үш бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – университеттерде қолданбалы жасанды интеллект зертханаларын ашу. Екіншісі – компания қызметкерлерін технологияны жұмыс барысында пайдалануға үйрету. Үшіншісі – жеке тұлғаларға арналған білім беру бағдарламалары.

– Біздің мақсатымыз – жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдануды үйрету. Университеттерде студенттер мен оқытушыларға арналған зертханалар ашып, ауқымды жобалар әзірлеуді көздеп отырмыз. Қазір Астана IT университетімен жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ Мәскеу мемлекеттік университетімен келісімге қол қойдық. Екінші бағытта кәсіпорындардың басшылары мен қызметкерлеріне көмектесеміз. Үшінші бағыт жеке тұлғаларға арналған, – деді Жәнібек Серқұлов.

Оның айтуынша, компания университеттерде берілетін білім мен еңбек нарығының сұранысын жақындастыруды көздейді. Ол үшін студенттер екінші курстан бастап кәсіпорындардың нақты міндеттеріне сай жобалар әзірлеуге қатысады.

– Біз нарықтың сұранысын зерттеп, студенттерді компаниялардың нақты қажеттіліктеріне сай оқытуды жоспарлап отырмыз. Студенттер оқытушылармен бірге кәсіпорындарға қажет жобаларды әзірлейді. Оларға арнайы кураторлар көмектеседі. Біздің міндетіміз – университет пен нарықтың арасын жалғау. Компаниялардың сұранысы оқу процесіне тікелей ықпал етуі керек, – деді ол.

Компания оқытушылардың біліктілігін арттыруға да көңіл бөледі. Себебі бір оқытушының жаңа технологияны меңгеруі оның білімін көптеген студентке жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Астана IT университетінде жексенбілік семинарлар өткізіліп жатыр. Оған IT мамандарымен қатар, лингвистер, тарихшылар, профессорлар мен басқа да сала өкілдері қатысады.

– Семинарларға тек IT мамандары емес, басқа бағыттағы оқытушылар да келеді. Университеттер мен колледждердің мамандары жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға қызығушылық танытып отыр. Мұндай кездесулерге кез келген адам қатыса алады, – деді компания басшысы.

Жасанды интеллектіні кәсіпорын жұмысына енгізгенде деректердің құпиялығы мен қауіпсіздігі де маңызды. Әсіресе компаниялардың ішкі ақпараты мен жеке деректерін өңдеу кезінде оларды қорғау талаптары сақталуы керек. Жәнібек Серқұловтың айтуынша, зертханаларда деректерді қауіпсіз өңдеу және студенттерге ұсыну тәсілдеріне де назар аударылады.

Компания алдағы уақытта өңірлерге барып, басқа жоғары оқу орындарымен де жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бұл бастама жасанды интеллектіні тек ірі қалаларда емес, еліміздің өзге өңірлерінде де тәжірибеде қолдануға мүмкіндік бермек.

Жасанды интеллектіні жай қолдану мен оны кәсіби деңгейде меңгерудің айырмашылығы – технологияны нақты міндеттерді шешуге бейімдей білуде. AI Research Labs осы дағдыны студенттерге, оқытушыларға, кәсіпорын қызметкерлеріне және жеке тұлғаларға үйретуді мақсат етіп отыр.

Бұған дейін астаналық студенттің ауылшаруашылық дронын ойлап тапқаны туралы жазған едік.