Жасанды ұрықтандыру және суррогат ана болу: жаңа қағида бойынша не өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2026 жылғы 30 қыркүйектегі бұйрығымен қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттарына өзгерістер енгізілді.
Бұйрық 2026 жылғы 17 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Атап айтқанда, мынадай ұғымдар нақтыланды:
· қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар (ҚРӘТ) — бедеулікті емдеу әдістері (жасанды ұрықтандыру (ЖҰ), экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) және эмбрионды ауыстырып салу), оларды қолдану кезінде ұрықтану мен эмбрионның ерте дамуының жекелеген немесе барлық кезеңдері ана организмінен тыс жүзеге асырылады. Бұл ретте донорлық және (немесе) криоконсервацияланған жыныс жасушалары, репродуктивтік ағзалардың тіндері мен эмбриондар, сондай-ақ суррогат ана болу пайдаланылуы мүмкін;
· суррогат ана болу туралы шарт — ҚР азаматтары болып табылатын, некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған және балалы болғысы келетін адамдар, сондай-ақ, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану арқылы баланы көтеріп, дүниеге әкелуге келісім берген әйел арасындағы нотариаттық куәландырылған жазбаша келісім.
ҚРӘТ қолдану арқылы жүзеге асатын процедура МӘМС жүйесінде Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсетіледі.
Сонымен қатар, қағидаларға некеде тұрмайтын әйелдің немесе ер адамның ақпараттандырылған медициналық араласуға келісімі болған жағдайда қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға құқығы бар екені туралы тармақ қосылды. Алайда Суррогат ана болу бұл жағдайға жатпайды.
МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке кіретін ҚРӘТ процедурасы — мынадай кезеңдерде бірізді орындалатын цикл екені нақтыланды: суперовуляцияны ынталандыру; аналық бездерді трансвагиналды пункциялау; жұмыртқа жасушасын алу; ооцитті (ооциттерді) ұрықтандыру немесе сперматозоидты жұмыртқа жасушасына интрацитоплазмалық енгізу (ИКСИ); эмбриондарды өсіру; эмбрионды ауыстырып салу.
Оған сондай-ақ стимуляция жүргізілген циклде эмбрионды ауыстырып салуға қарсы көрсетілімдер болған жағдайда мұздатылған эмбриондарды кейінірек ауыстырып салу кіреді. Мұндай жағдайларға аналық бездердің гиперстимуляциялану синдромының қаупі, нәтижелілікті төмендететін факторлардың болуы — овуляцияны ынталандыру аясындағы эндометрий гиперплазиясы, эндометрий гипоплазиясы, кез келген орналасудағы жедел қабыну аурулары жатады.
Сонымен қатар, жыныс жасушаларын, эмбриондарды және репродуктивтік ағзалардың тіндерін криоконсервациялау пациенттің қалауы бойынша немесе медициналық көрсетілімдер негізінде жүргізілетіні және МӘМС жүйесіндегі қызметтер тізбесіне кірмейтіні толықтырылды.
МӘМС жүйесінде ҚРӘТ процедурасын жүргізуге іріктеу критерийлері
МӘМС жүйесінде ҚРӘТ процедурасын жүргізу үшін төмендегі факторлардың барлығы ескеріледі.
Ең алдымен, овариалдық резерв қанағаттанарлық деңгейде болуы қажет. Ол мына көрсеткіштердің кемінде екеуінің болуымен сипатталады:
· антимюллерлік гормон (АМГ) — 0,8 нг/мл-ден жоғары;
· фолликулды ынталандыратын гормон (ФСГ) — 12-ден төмен (циклдің 2–5-күндері);
· әр аналық безде антралды фолликулдар саны — кемінде 3 (циклдің 2–5-күндері);
· жалғыз аналық без болған жағдайда — 5–6 антралды фолликул.
Екіншіден, жүктіліктің басталу нәтижелілігін төмендететін факторлардың болмауы шарт. Имплантацияға және жүктіліктің дамуына кедергі келтіретін ішкі жыныс ағзаларының даму ақаулары, гидро (сактосальпинкстер), жатыр қуысының 3–4 дәрежелі синехиялары, аналық без кисталары, обтурациялық емес азооспермия.
Үшіншіден, ер адам бедеу болмауы керек, оның ішінде мынадай көрсетілімдер анықталмауы тиіс:
· олигозооспермия — сперматозоидтар концентрациясының 16 млн/мл-ге дейін төмендеуі;
· астенозооспермия — үдемелі қозғалатын сперматозоидтардың (А+В класы) эякуляттың бір миллилитрінде 5%-дан 30%-ға дейін болуы;
· тератозооспермия — қалыпты құрылымды сперматозоидтардың 1%-дан 4%-ға дейін болуы;
· сперматозоидтардың концентрациясы, қозғалғыштығы және құрылысы көрсеткіштерінің әртүрлі үйлесімдегі өзгерістерінен тұратын, ұрықтандыру қабілетін төмендететін шәуеттің аралас патологиясы;
· эякулятта антиспермалық антиденелердің болуы (MAR-тест — 50%-дан жоғары), олар сперматозоидтардың концентрациясы қалыпты болған жағдайда табиғи ұрықтануға кедергі келтіреді;
· азооспермиясы бар, хирургиялық биопсия арқылы сперматозоидтары алынған пациенттер.
Төртіншіден, «Емдеуге жатқызу бюросына» енгізген кезде әйелдің жасы 42 жастан аспауы қажет.
Бесінші мәселе медициналық-генетикалық консультация нәтижелері бойынша ауырлатылған генетикалық анамнезі бар отбасылық жұптарға қатысты. Бұл ретте тұқым қуалау түрі мен генетикалық тәуекел ескеріледі. Донорлық биоматериал немесе эмбриондарға преимплантациялық генетикалық тестілеу (ПГТ) қолданылуы мүмкін. Донорлық жасушалар мен ПГТ құнын пациенттер өз қаражаты есебінен төлейді. Жыныс жасушалары донорларын пациенттер фенотиптік сипаттамасы негізінде ерікті түрде және өз бетінше таңдайды.
Алтыншыдан, МӘМС жүйесінде ҚРӘТ бағдарламаларын қолданғаннан кейін жүктілік болмаған жағдайға байланысты. Егер эмбрионды ауыстырып салу процедурасын қайта жүргізуге медициналық ұйымға жолдама болса, биоматериалды өз қаражаты есебінен тасымалдауға жол берілмейді.
Жетіншіден, криоконсервацияланған эмбриондары бар пациенттер криоконсервацияланған эмбриондар толық пайдаланылғанға дейін МӘМС жүйесіндегі ҚРӘТ бағдарламасына қайта жіберілмейді.
Мұздатылған эмбриондарды кейін ауыстырып салу шешімі қабылданса, процедура пациентке қолайлы кезеңде жүргізіледі.
Егер ЭКҰ бағдарламасы аналық бездердің әлсіз жауабы немесе эмбриондардың дамуының тоқтауына байланысты аяқталмаса, үдеріс «аяқталмаған» ретінде тоқтатылады. Онда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) жіберіледі және нақты жұмсалған шығындар бойынша төленеді.
Сперматозоидтарды хирургиялық жолмен алуға көрсетілімдер
ҚРӘТ процедураларын жүргізу үшін сперматозоидтар мынадай жағдайларда хирургиялық жолмен алынады:
· обструкциялық және обструкциялық емес азооспермия;
· эякуляция бұзылыстары: аспермия, ретроградты эякуляция;
· эякуляттағы 100% некрозооспермия.
Ал жедел инфекциялық аурулар анықталса, сперматозоидтарды хирургиялық жолмен алуға қарсы көрсетілім саналады. Сперматозоидтарды алудың оңтайлы әдісін уролог дәрігер айқындайды.
ИКСИ жүргізуге көрсетілімдер де белгіленді. Олар: эякулят көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуімен көрінетін ер факторына байланысты бедеулік; хирургиялық жолмен алынған сперматозоидтарды пайдалану; мұздатудан кейінгі ооциттерді пайдалану; ПГТ-ны полимеразалық тізбекті реакция әдісімен жүргізу; алдыңғы ҚРӘТ бағдарламасында ұрықтану жиілігінің төмен болуы.
Пациентті ҚРӘТ процедурасына жіберу тәртібі
Пациент тіркелген жердегі денсаулық сақтау ұйымдары бедеуліктен зардап шегетін адамдарды диспансерлік науқастардың электрондық тізіліміне енгізеді.
Тексеруден өткізіп, бедеуліктің себептері анықталғаннан кейін пациент тіркелген жердегі денсаулық сақтау ұйымдары бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын денсаулық сақтау саласындағы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өңірлік комиссиясына жібереді.
Өңірлік комиссия МӘМС жүйесінде ҚРӘТ жүргізу мәселесін шешеді.
ҚРӘТ көмегін көрсететін медициналық ұйымдар МӘМС жүйесінде жүргізілген ҚРӘТ процедуралары туралы деректерді медициналық цифрлық жүйеге енгізеді.
ҚРӘТ көмегін алу үшін медициналық ұйымды пациенттің өзі таңдайды.
Оң шешім қабылданған жағдайда өңірлік комиссия «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында пациенттің құжаттар пакетімен қосып, госпитализацияға жолдаманы тіркейді.
ҚРӘТ жүргізетін медициналық ұйымдарды іріктеу критерийлері
МӘМС жүйесінде ҚРӘТ процедурасын жүргізетін медициналық ұйымдарға нақты талаптар қойылған. Міндеттемелерге мыналар жатады:
· медициналық қызметпен айналысуға жарамды лицензиясының болуы;
· соңғы үш жыл ішінде ҚРӘТ саласында үздіксіз жұмыс тәжірибесінің болуы;
· ҚРӘТ бағдарламаларының тиімділігі. Атап айтқанда, клиникалық жүктіліктің басталу жиілігі кемінде 31%, бала туу жиілігі кемінде 27%;
· жылына кемінде 300 ЭКҰ емдеу циклі;
· материалдық-техникалық базаның болуы: жеке эмбриологиялық зертхана, толық цикл, көпгазды инкубаторлар және ИКСИ жүйесі, асқынулар кезінде шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі;
· штатта «Репродуктология» немесе «Қосалқы репродуктивтік технологиялар» (ҚРТ) бағыты бойынша сертификаттық курстары бар, кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар кемінде екі акушер-гинекологтың және штаттық эмбриологтың болуы;
· уәкілетті органның цифрлық жүйелерімен интеграцияның болуы.
Суперовуляцияны ынталандыру арқылы ЭКҰ жүргізу кезеңдері
Стимуляциямен жүргізілетін ЭКҰ процедурасы мына кезеңдерден тұрады:
· пациенттерді іріктеу және тексеру;
· суперовуляцияны индукциялау, оның ішінде фолликулогенез бен эндометрийдің дамуын бақылау;
· аналық без фолликулдарын пункциялау, ооцитті (ооциттерді) алу;
· ооцитті (ооциттерді) ұрықтандыру немесе ИКСИ, эмбриондарды in vitro жағдайында өсіру;
· эмбрионды жатыр қуысына ауыстырып салу;
· трансферден кейінгі гормондық қолдау;
· жүктіліктің ерте кезеңдерін диагностикалау.
Суперовуляцияны ынталандырмай жүргізілетін ЭКҰ
Табиғи етеккір циклі кезінде жүргізілетін ЭКҰ мына кезеңдерден тұрады:
· пациенттерді іріктеу және тексеру;
· фолликулогенез бен эндометрийдің дамуын бақылау;
· аналық без фолликулдарын пункциялау, ооцитті (ооциттерді) алу;
· ооцитті (ооциттерді) ұрықтандыру және (немесе) ИКСИ, эмбриондарды in vitro жағдайында өсіру;
· эмбрионды жатыр қуысына ауыстырып салу;
· трансферден кейінгі гормондық қолдау;
· жүктіліктің ерте кезеңдерін диагностикалау.
ЭКҰ және эмбрионды жатыр қуысына ауыстырып салуға қарсы көрсетілімдер
ЭКҰ және эмбрионды жатыр қуысына ауыстырып салу мына жағдайларда жүргізілмейді:
· жүктілікті көтеруге қарсы көрсетілімі бар соматикалық және психикалық аурулар;
· эмбрионды ауыстырып салуға және жүктіліктің дамуына кедергі келтіретін жатыр қуысының туа біткен ақаулары немесе жүре пайда болған деформациялары;
· хирургиялық емдеуді қажет ететін және (немесе) ооцитті (ооциттерді) алуға кедергі келтіретін аналық бездердің қатерсіз ісіктері;
· эндометрийдің гиперпластикалық процестері;
· хирургиялық емдеуді қажет ететін жатырдың қатерсіз ісіктері;
· кез келген орналасудағы жедел қабыну аурулары;
· кез келген орналасудағы қатерлі ісіктер. Ерекшелік — химиотерапия немесе сәулелік терапия алдында ооциттерді алу көрсетілген жағдайлар. Мұндай жағдайда суперовуляцияны ынталандыру туралы шешімді мамандардың мультидисциплинарлық тобы қабылдайды;
· кесарь тілігінен немесе миомэктомиядан кейін жатырда екі немесе одан да көп тыртықтың болуы, егер аспаптық диагностика (УДЗ, МРТ, гистероскопия) арқылы анатомиялық және функционалдық жеткіліксіздік белгілері расталып, ана өлімінің жоғары қаупін (жатырдың жыртылуы, плацентаның шынайы бітісуі) туындатса.
Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ЭКҰ пациенттің немесе пациенттердің қалауы бойынша бедеуліктің кез келген түрінде жүргізіледі.
Эмбрионды жатыр қуысына ауыстырып салуға қарсы көрсетілімдер болған жағдайда әйелден суперовуляцияны ынталандырмай немесе суперовуляцияны ынталандыра отырып ооциттер алынады. Кейін эмбрион (эмбриондар) суррогат ананың жатыр қуысына ауыстырып салынады.
Эмбрионды жатыр қуысына ауыстырып салудың алдында имплантация жиілігін арттыру мақсатында бластоцистаның шығуын жеңілдету үшін көрсетілімдер бойынша 3–7 күндік эмбриондардың жылтыр қабығы тілінеді.
Жүктілікті қандағы және зәрдегі бета-хориондық гонадотропин мөлшері бойынша диагностикалау эмбрион ауыстырылғаннан кейін 12–14 күн өткен соң жүргізіледі.
Жүктілікті ультрадыбыстық диагностикалау эмбрионды (эмбриондарды) ауыстырғаннан кейін 21-күннен бастап атқарылады.
Генетикалық ата-аналардың мұздатылған эмбриондарын суррогат анаға ауыстырып салу үдерісі
Генетикалық ата-аналардың мұздатылған эмбриондарын ауыстырып салу процедурасы кезінде:
· суррогат ананы таңдау және тексеру жүргізіледі;
· суррогат ана бір мезгілде жұмыртқа жасушасының доноры бола алмайды;
· суррогат ананың эндометрийі дайындалады;
· мұздатылған эмбриондар суррогат ананың жатыр қуысына ауыстырып салынады;
· суррогат анаға трансферден кейінгі гормондық қолдау көрсетіледі.
Суррогат ана болу бағдарламасында донорлық жұмыртқа жасушалары, донорлық сперматозоидтар және донорлық эмбриондар бір уақытта пайдаланылмайды.
Айта кетейік, бұған дейін бедеуліктің емі, жатыр трансплантациясы қалай жасалатыны жөнінде жазғанбыз. Сондай-ақ суррогат ананың қызметін заңды некедегі ерлі-зайыптылар ғана пайдалана алатыны туралы жазған едік.