Жасарып, жайнаған Қызылорда (ФОТОРЕПОРТАЖ)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгінгі жасарып, жайнаған Қызылорда Сырдың бас шаһары болып табылады. Қазіргі гүл көмкерген қаланың алғашқы атауы Қамысты қала одан кейін - Ақмешіт, Перовск болып өзгертілсе, Кеңестер үкіметінің орнауымен Қызыл-Орда атауына ие болған. Негізі қаланғанына екі ғасырға жуықтаған шаһар 1925-1929 жылдары Қазақ АКСР-інің тұңғыш астанасы болды.

Жасарып, жайнаған Қызылорда (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Қаланың жыл санауы1820 жылы Қоқан хандығы Ақмешіт бекінісінің негізін қалаған уақыттан бастау алады.

1853 жылы 28 шілдеде Якуб-бектің қоқан әскерлері қорғаған бекініске генерал В.А.Перовский бастаған орыс әскерлері шабуыл жасап, жаулап алып, қала атауын Форт-Перовский деп өзгерткен.

Қала тарихынан кейбір деректерді алға тартсақ, төмендегідей боп өрбиді. 1867 жылдан бастап Сырдария облысының Перовск уездік қаласы - Сырдария уезінің орталығы. Бастауыш мектептер ашылды, кірпіш зауыты, жел диірмені, ұстаханалар, дүкендер іске қосылды.

1905 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы пайдалануға берілгеннен кейін қалада вокзал мен депо ғимараты салынды. Оның кейбір нысандары күні бүгінге дейін сақталған. 1917 жылға дейін Перовск Шығыс Арал маңындағы әкімшілік-сауда орталығы және теміржол орталығы болып келді. 1917 жылдың 30 қазанында Перовскіде Кеңес билігі орнады. 1920 жылы қалаға Ақмешіт атауы қайта берілді. 1925 жылы Қызыл-Орда болып ауысты. 1925-1929 жылдары РКФСР құрамындағы Қазақ АКСР-інің астанасы болды.

1940 жылдары аймақтағы халық саны тұтасымен алғанда (Қызыл-Орданы жеке алғанда) КСРО-ның еуропалық бөлігінен келген иммигранттар (немістер жаулап алған аймақтардан келгендер; саяси қуғынға ұшырағандар; Балтық жағалауы мен Солтүстік Кавказдан жер аударылған халықтар) есебінен айтарлықтай өсті.

Қала халқы шамамен 200 мыңға жуық адамды (оның ішінде 89%-ы қазақтар) құрады. Орыстар (5 %), кәрістер (3 %), немістер, шешендер, өзбектер, украиндықтар, беларустар, ингуштер, гректер болған. Бұл күндері халық саны 300 мыңға жақындап қалды. 1990 жылдардың басында басқа халықтардың эмиграциясы (негізінен Ресейге, Германияға, Грекияға, Украинаға) басталды. 1937-1952 жылдары Қызылорда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды жер аударатын өңірдің біріне айналды.

Айтарлықтай өнеркәсіптік кәсіпорындар қатарында целлюлоза-картон, құрылыс материалдары, үй құрылыс комбинаты, аяқкиім, тігін және трикотаж фабрикалары, тамақ өнеркәсібі болған. 1980 жылдың ортасынан бастап аймақта мұнай-газ өндіру белсенді дамып келеді: ірі кеніш - Қызылордадан солтүстікке қарай 180 шақырым жерде орналасқан Құмкөл. Мұнда «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» (бұрынғы "Харрикейн Құмкөл Мұнай") және "Торғай Петролеум" халықаралық компаниялары жұмыс істеуде. Сондай-ақ, «ҚазГерМұнай» БК ЖШС, "ҚуатАмлонМұнай" ЖШС, "ҚОР" ҰК, "СНПС-Ай-дан Мұнай" БК және т.б. бар. Қалада көпбейінді мемлекеттік университет (Қорқыт ата атындағы ҚызМУ), Агро-техникалық, Медициналық және Педагогикалық колледждер, Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театры, тарих-өлкетану мұражайы бар. Соңғы жылдар бедерінде қала адам танымастай өзгеріп, көшелері кеңейтіліп қайта жаңғырту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында көп қабатты тұрғын үйлер жүздеп салынуда. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар медициналық, ойын-сауық және бизнес орталықтардың қатары артып келеді. Олардың арасында жаңа облыстық әкімдік ғимараты секілді алыстан көз тартатын әсем нысандар аз емес. Таяу болашақта Сырдарияның сол жағалауынан шығыстық үлгідегі 90 мың тұрғынға арналған жаңа қала салу жоспарда тұр. Қала аумағы жағынан да күн санап керегесін кеңейтіп келеді. Сырға ат басын бұрған шетелдіктер жер кіндігі Байқоңырға назар аударғанымен бас шаһар Қызылордаға соқпай кетпейді. Елбасының өзі «Сыр Алаштың анасы» деген өңірдің бас қаласы Қызылорда бүгінде замана талабына сай осылайша даму үстінде.

Қызылорда көріністер

Жаңарып, жайнаған Қызылорда!

Қызылорда түн құшағында.

Гүл көмкерген Сырдың бас шаһары.

Тамылжыған тамыздағы қала

Аумағы он шақты гектардан асатын тұңғыш Президент саябағында жеміс ағаштарымен қатар гүлдің де түр-түрі өседі

Гүлдер гүлдер

Жасыл-желекке оранған қала

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев атындағы саябақ

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Облыстық соттар үйі ғимараты

Сұлтан Бейбарыс көшесі