Жасәскерилер бірлестіктері дайындаған азаматтарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу тұжырымдамасының жобасы таныстырылды

Күн тәртібі бойынша Жасәскерилер бірлестіктері республикалық штабы құрамына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар қарастырылып, оның 2012 жылға жұмыс жоспары пысықталды. Үйлестіру кеңесінің бірқатар шешімдерін жүзеге асыру бойынша жекелеген мәселелер талқыланды.
Мәжіліс барысында Жасәскерилер бірлестіктері республикалық штабы дайындаған азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы жобасының тұсаукесері өткізілді.
«Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Шәріпбай Өтегенов тұжырымдама жобасына оң баға бере отырып, бұл құжаттың жалпы әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесінің одан әрі дамуының барлық аспектілерін қамтитындығын атап өтті.
Қоғамда рухани қауіпсіздікті қалыптастырудың маңыздылығын ескере келе, мәжіліске қатысушыларға еліміздегі Идеологиялық жұмыстың мемлекеттік бағдарламасын уәкілетті органның әзірлеуі туралы Жасәскерилер бірлестіктері республикалық штабының бастамасына қолдау көрсету ұсынылды.
Мәжіліс жұмысының соңында Жасәскерилер бірлестіктері республикалық штабының төрағасы Нұржан Нұрахметов «Қазақстанның Скауттық Қозғалысы Ұйымы» қоғамдық бірлестігімен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласында ынтымақтастық пен өзара түсінушілік туралы келісімге қол қойды.