«Жасыл даму» АҚ COP31 аясында төрт меморандумға қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM- – Қазақстанның «Жасыл даму» АҚ Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан COP31 климаттық конференциясы аясында төрт меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи реурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

«Жасыл даму» АҚ COP31 аясында төрт меморандумға қол қойды
Фото: ҚР Экология және табиғи реурстар министрлігі

Құжаттар қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, қалдық жинаудың заманауи жүйелерін әзірлеу, сондай-ақ жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастықты көздейді.

Меморандумдарға «Жасыл даму» АҚ атынан Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай қол қойды.

«Жасыл даму» АҚ COP31 аясында төрт меморандумға қол қойды
Фото: ҚР Экология және табиғи реурстар министрлігі

Құжаттар тәжірибе мен технология алмасуды, әріптестікті дамытуды, сондай-ақ қалдықтарды басқару және циркулярлық экономика салаларындағы бірлескен жобаларды пысықтауды қарастырады.

Әріптестердің бірі – қалдықтарды сұрыптауға, қайта тиеуге және қайта өңдеуге арналған жабдық шығаратын ресейлік «АРМ» ЖШҚ. Компания атынан меморандумға бас директор Алексей Попов қол қойды. Кәсіпорын қалдықтарды сұрыптау кешендерін, қайта тиеу станцияларын және полимерлерді қайта өңдеу желілерін жобалап, шығарады. Ынтымақтастық аясында тәжірибе алмасу және қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға арналған технологиялық шешімдерді зерделеу көзделген.

«Жасыл даму» АҚ COP31 аясында төрт меморандумға қол қойды
Фото: ҚР Экология және табиғи реурстар министрлігі

«Пуцер Ру» ЖШҚ (PUZER) атынан құжатқа бас директор Роман Плуток қол қойды. Компания тұрғын үйлерде, қоғамдық және коммерциялық нысандарда қалдықтарды жинауға және әкетуге арналған инженерлік жүйелерді әзірлеп, енгізеді. Оның шешімдерінің қатарында қалдықтарды құбырлар арқылы вакууммен тасымалдау жүйелері және толу деңгейін анықтайтын датчиктермен жабдықталған жерасты қалдық жинау жүйелері бар. Әріптестік осы технологияларды қолдану тәжірибесімен алмасуға және оларды Қазақстанда пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруға бағытталған.

Тағы бір меморандум NULOOP компаниясымен жасалды. Компания атынан құжатқа бас директор Цзинь Вэньцзюнь қол қойды. Компания Алматы облысындағы «Қайрат» индустриялық аймағында пайдаланылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдейтін зауыт салу жобасын іске асырып жатыр. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 10 мың тоннаға дейін аккумуляторды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жобада көзделген технологиялар литий, мыс, алюминий және басқа да құнды компоненттерді бөліп алып, оларды өнеркәсіпте қайта пайдалануға жол ашады.

«Жасыл даму» АҚ COP31 аясында төрт меморандумға қол қойды
Фото: ҚР Экология және табиғи реурстар министрлігі

Төртінші меморандум «ЛоопЭнерГрэн Капитал» ЖШС-мен (LoopEnerGren Capital) жасалды. Компания атынан бұл құжатқа да бас директор Цзинь Вэньцзюнь қол қойды. Кәсіпорын күн энергетикасы жобаларына маманданған және энергия жинақтау технологияларын дамытып келеді. Қазір ол «Қайрат» индустриялық аймағындағы кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қуаты 70 МВт күн электр станциясын салу жобасын іске асырып жатыр.

Қол қойылған меморандумдар алдағы бірлескен жұмысқа негіз болады. Нақты жобалар мен оларды іске асыру шарттары жеке пысықталады.

Осыған дейін Қазақстан COP31 конференциясында климаттық инвестициялар платформасын таныстырған болатын.