Жасырын механизмдер және нөмірі жоқ көліктер: ақмолалық жүргізушілер камераларды қалай алдап жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында көлік нөміріне қатысты 800-ден астам заңбұзушылық анықталды. Жүргізушілер жылдамдықты асырып, айыппұл салмау немесе жүк көлік иелері шамадан тыс жүк тиеуін жасыру үшін нөмірлерін жасыруға тырысады.
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заманауи бейнебақылау технологиялары мен тәртіп бұзушылықтарды тіркеу жүйесі бар кезде көліктердің нөмірлерді жасыру әрекетінен еш пайда жоқ.
— Көбіне жылдамдық шегін асырғандар мен жүкті асыра тиеп алған жүргізушілер жауапкершіліктен құтылу үшін заңбұзушылықтарды жасыруға тырысады, — дейді облыстық полиция департаментінің взвод командирі Жангелді Әлібеков.
Мысалы, 17 мамырда сағат 21:00 шамасында «Астана — Қабанбай батыр — Теміртау» автожолының 17-ші шақырымында патрульдік полиция қызметкерлері Shacman маркалы жүк көлігін тоқтатқан. Құжаттарды тексеру кезінде инспекторлар ерекше орнатылған нөмірге назар аударған.
— Толығырақ қарағанда, нөмірдің артында арнайы трос механизмі орнатылғаны анықталды. Бұл жүргізушіге нөмірді қажетті сәтте бейнебақылау камераларына оқылмайтындай етіп төмен түсіруге, кейін қайта бастапқы орнына тез қайтаруға мүмкіндік береді. Жүргізуші құқықбұзушылықты мойындаған, — деп хабарлады ведомство.
Тағы бір жағдай «Астана — Щучинск» трассасының 109-шы шақырымында тіркелді. Бейнекамералар мемлекеттік нөмірсіз жүрген Hyundai Sonata көлігін анықтады. Ақпарат дереу жақын маңдағы патрульдік экипаждарға жіберілді. Трассаның 108-ші шақырымында көлік тоқтатылып, құқықбұзушылық жойылды.
Барлық фактілер бойынша жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция мәліметінше, биыл жыл басынан бері өңірде жалған немесе жасырылған мемлекеттік нөмірлерге байланысты 800-ден астам құқықбұзушылық тіркелген.
Айта кетейік, Астанада қоғамдық қауіпсіздік 36 мыңнан астам бейнекамерамен бақыланады.