Жаслан Мәдиев байланыс сапасын жақсарту шараларын атады

байланыс
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі базалық станциялардың радио сигналының шекті рұқсат етілген деңгейі бойынша нормативтерді қайта қарау қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев айтты.

«Министрлік байланыс сапасын жақсарту үшін келесі нақты шараларды ұсынады. Елді мекендердің бас жоспарлары мен Нақты жоспарлау жобасында байланыс сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі шара ретінде байланыс желілерінің тиісті инфрақұрылымы көзделді. Олжас Абайұлы, осыған байланысты, Сізден барлық әкімдікке байланыс операторларымен бірлесіп, байланыс құралдарын орналастыру үшін бас жоспарлар мен орынды нақты жоспарлау жобасына түзетулер енгізуді тапсыруыңызды сұраймын», - деп өтінді министр Премьер-Министр Олжас Бектеновтен.

Министр келесі шара еліміздегі базалық станциялардың радио сигналының шекті рұқсат етілген деңгейі бойынша нормативтерді қайта қарауды ұсынды. 

«Қазақстанда дамыған елдерге және тіпті жақын шетелдерге қарағанда 10-20 есе қатаң нормативтер бар. Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігіне озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, радио сигналдың шекті рұқсат етілген деңгейі бойынша нормативтерді қайта қарауды тапсыруды сұраймын», - деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, қалаларда Интернет пен ұялы байланыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету аясында министрліктің техникалық мамандары байланыс сапасына өлшемдер жүргізеді. Өлшеу нәтижелері бойынша байланыс сапасы төмен орындар анықталады. 

«Одан соң министрлік әкімдіктер және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп „ақ дақтарды“ жою бойынша жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыс байланыс сапасын еліміздің қалаларында жақсарту мәселесі бойынша жалғасатын болады», - деді ол.

Бұған дейін байланыс операторлары 5G технологиясын дамытуға 450 миллиард теңге инвестиция салатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram