«Жасөспірім» шарасы барысында балаларына дұрыс тәрбие бере алмаған 1 мың 105 адам жауапкершілікке тартылды - ІІМ

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Жасөспірім» жедел-сауықтыру шарасы барысында бала тәрбиесінде тиісті міндеттерін атқармағаны үшін 1 мың 105 адам жауапкершілікке тартылды.

«Жасөспірім»  шарасы барысында балаларына дұрыс тәрбие бере алмаған 1 мың 105 адам жауапкершілікке тартылды  - ІІМ
Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ішімдікке үйір қылып, масаң күйге дейін жеткізгені және қылмыстық әрекеттерге тартқаны үшін 60-тан аса адам жауапқа тартылды. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, «Жасөспірім» жедел-сауықтыру шарасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауы бойынша жүргізілген. Оның мақсаты ? кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, заң бұзуға бейім балалар мен тәрбие жағдайы нашар отбасыларды және жасөспірімдерді қылмысқа тартатын азаматтарды анықтау болды. «Осыған орай шара барысында мектептегі оқуынан қашып жүрген 900 бала табылды. Спирттік ішімдіктер мен темекіні кәмелетке толмағандарға заңсыз сатудың 90 фактісі, балаларға арналған ұйым, мекемелер жанында алкогольдік өнімдер сататын 370 орын анықталды. Бұл мәселелер бойынша тиісті шаралар қолдану жөнінде тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдарға арнайы хаттар жолдады», - деді Е.Уәли.