Жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен берілетін аурулардың өсу қаупі бар - маман

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандағы ЮНФПА-ның жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі жобасының үйлестірушісі Гаухар Абуова жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен берілетін аурулардың өсуі қаупі бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Репродуктивті денсаулық туралы айтқанда, біз үнемі жас ұрпақтың денсаулығына назар аударамыз. Еліміздегі жасөспірімдер интимдік қатынасқа ерте түсе бастағаны байқалып отыр. 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бір бөлігі қазірдің өзінде жыныстық белсенді болып отыр. Осы орайда олардың алғаш рет жыныстық қатынасқа түсуінің орташа көрсеткіші 16,5 жас шамасында», - деді Г. Абуова отбасы, демография және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми конференция барысында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл қатыныстар бойынша жасөспірімдер қауіпсіздік мәселесіне мүлдем мән бермейді.

«Бұл ретте жастар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғануы керек. Сонымен қатар, елімізде жасөспірімдер арасында ерте жүктілік мәселесі де бар. Сондықтан осы проблемасына тиісті деңгейде назар аудару маңызды. Өйткені жастар арасында бұл аурулар көрсеткішінің өсуі қаупі бар. Атап айтқанда, жасөспірімдер мен жастар арасында осы салада тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек», - деді Гаухар Абуова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 17 қарашада елордада Отбасы, демография және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми конференция басталды.


Соңғы жаңалықтар