16:58, 22 Сәуір 2013 | GMT +5
Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар 7 алтын медаль жеңіп алды
АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында 21 сәуірде мәресіне жеткен жасөспірімдер арасындағы (1997-1998 жылы туылғандар) Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар 7 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 1-орынға тұрақтады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Федерацияның хабарлауынша, бұл 2004 жылдан бері аталмыш жас санатында ұйымдастырылып отырған алғашқы біріншілік. Сондай-ақ, осындай дәрежедегі турнирді тұңғыш рет Қазақстанның облыс орталығы өткізіп отыр.
Қазақстандық 13 спортшының 10-ы финалға шығып, олардың 7-еуі алтын медальге ие болды. Біздің құраманың негізгі қарсыластары Өзбекстан мен Тәжікстан құрамалары болды. Жарысқа Азияның 13 елінен 98 боксшы қатысты.