«Жасөспірімдер бұл жалғанмен қоштасуға неге асығады?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 қыркүйек, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жасөспірімдер бұл жалғанмен қоштасуға неге асығады?»  - республикалық басылымдарға шолу

***

«Жол азабын тартқан біледі» демекші, қазақстандық­тардың оны тартпағаны кемде-кем шығар. Төменде соны жеңілдетуге бір септігі тиер ме екен деген оймен жол проблемасын біршама қамтыған болдық. Жолдарда неге жоба жоқ? Еліміздің орасан зор жетістіктерін көргісі келмей, бардың бәрін жоққа шы­ғарып, байбалам сала беретін «сары» басылымдар емес, өкіметтің өрелі істерін өрге сүйрей көрсететін газеттің қыз­мет­кері болсақ та өзіміз көрген жол азабын жазбай тұра алмадық. Биылғы демалыста әріптестерімнің көбі өздерінің жеке меншік мәши­не­ле­рі­мен еліміздің түкпір-түкпіріне сапарға шыққан екен, солардың бәрінің айтып келгені жолдар қалай жаман деген жал­ғыз сөз. Басқа фактілерді термей-ақ, олар­дың көрген азабын ғана айтатын болсақ, Ерейментау бағытына жап-жаңа мәши­не­сімен жолға шыққан Серікқазы Кәкі­ба­­лановтың жаман жолдан дөңгелегі аты­лып, аударылған мәшинеден әйтеуір отбасы әупіріммен аман қалды. Су жаңа мәшинеден сау-тамтық жоқ. Жамбыл өңі­ріне жолға шыққан Асқар Тұрап­бай­ұлы да соншалықты азап шегіп, онысын және газетке жазды («Жол мұраты - жету» десек те...», «Е.Қ», 21.07.2012 ж.). Оның да дөңгелегі атылып, әйтеуір өз­дері аман. Семей өңірін аралап қайтқан Александр Тасболатов та жолдан көрген қорлығын таңдайын қағып айтып отырды. Қостанай өңіріне жолға шыққан менің де көрген азабым аз болған жоқ»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында мақала авторы. Еліміздің жолдары жайындағы мәселені егжей-тегжейлі қамтыған осы мақала «Жолдар, жолдар, жолдар...» деген тақырыппен басылды.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, әлемдік тауар биржаларында астық бағасы қымбаттайды дегенше біздің Үкімет елде «әлеуметтік қолдау» шараларын жүзеге асыра бастайды. Бұрын да солай болған, биыл да соған кірісіп жатырмыз. «Міне, биыл да Президент Н.Назар­баев­тың қабылдауында болған Ауыл шаруа­­шылығы министрі «Қазагроқаржы» корпорациясы арқылы елімізде сатылатын нан бағасын тұрақты деңгейде ұстаймыз, өсірмейміз деп мәлімдеді. Дұрыс-ақ. Өзі астықты елде нанды қымбат бағаға жесек, мұнымыз тіпті ұят қой»,-деп жазады басылым  «Қолдау тек қажет жандарға көрсетілуі керек» атты мақаласында.

  

«Айқын» газетіне берген сұхбатында саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммедов Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы аймақтағы интеграцияның өзегіне айналуы керек деп есептейді. «Қазақстан мен Өзбекстанның қа­рым-қатынасы, өзара жақындасуы мен көзқарастарындағы ортақтық - жалпы Орталық Азия дамуының басты бір кепілі болмақ. Егер осы аймақтағы ел­дердің ынтымақтастығын «Түркістан одағы» деп айтатын болсақ, оның тірегі - Қазақстан мен Өзбекстанның қа­рым-қатынасы. Бұл қарым-қатынас­тарды одан әрі дамытып, шекараны
ашық деңгейге дейін жеткізіп, техни­ка­лық жағынан жетілдіріп, азаматтардың өзара екі ортада жүріп-тұруын жеңіл­­деткен жөн. Өңірлерде сауда-саттыққа жол ашылуы тиіс. Гуманитарлық, білім са­ласындағы байланыс та нығая түскені абзал»,-дейді саясаттанушы. Бұл сұхбат «Өзбекстанмен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек» деген тақырыппен жарияланды.

***

Кезінде қазақ даласының сәніне айналған табиғат әлемі бүгінгі таңда көзге сұрықсыз көрінеді. Тұмса табиғаттың сәні де, мәні де жүгірген аң, ұшқан құс пен жасыл желек емес пе еді? Біз осындай құндылықтарды бағалай алмай, оларды мылтықтың шүріппесіне байлап, санын кемітіп жатырмыз. «Біздің өзгерер түріміз көрінбейді. Алыс-жақынға барып келгенде сол елдің қоршаған ортасы туралы аузының суы құрып, әңгіме тиегін ағытатын ағайын өзіміздің табиғатымыз жайында тіс жарғысы келмейді. Бұл қолдағы бардың бағасын білмейтінімізді айғақтаса керек. Арамызда жай сейіл құрып жүріп-ақ, аң мен құсты оққа байлайтын қаскөйлік ниеті бар жандар да жүр»,-деп жазады «Алаш айнасы» бүгінгі нөміріндегі «Қазақстанның «Қызыл кітабы» қалыңдап барады» атты мақаласында.

Осы басылымда «Жасөспірімдер бұл жалғанмен қоштасуға неге асығады?» деген тақырыппен мақала жарияланды. Әлемдегі бала атаулының тағдырына бас ауыртатын ЮНИСЕФ-тің зерттеулеріне үңілсеңіз, зәреңіз зәр түбіне жетеді. Сол ұйым бұдан біраз бұрын жанымызды майсыз табаға салып, қуырғандай етіп, тағы бір ақиқатты бетімізге басты. Ол не дейсіз ғой. Орта Азия аймағында жасөспірімдердің суициді бойынша Қазақстанның көш бастап келе жатқандығы. Жыл сайын 15-19 жас аралығындағы қыз балалар арасында өткізетін зерттеулер нәтижесі осыны көрсетіпті. «Жұдырықтай ұл мен қыздың өз өмірлерін қыршын қиюы аза бойыңызды қаза қылғанымен, оның түп төркініне үңіліп жатқан жан сирек»,-дейді мақала авторы.