Жасөспірімдер олимпиадасы: Қазақстан қандай жетістіктерді бағындырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентина астанасындағы жасөспірімдер олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. Тарихта үшінші рет өткелі отырған Олимпиада ойындарынан Қазақстан құрамасы алтынсыз оралған емес. Бұл туралы ҚазАқпарат Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ең алғашқы Жасөспірімдер Олимпиадасы 2010 жылы Сингапурде өтті. Аталған әлемдік додаға спорттың 17 түрінен 47 қазақстандық спортшы қатысқан болатын.
Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медальмен жалпы есепте 18-ші орыннан көрінді.
Грек-рим күресінің шебері Жәнібек Қандыбаев пен зілтемірші Жазира Жапарқұл қазақ елінің көк байрағын тұңғыш рет жасөспірімдер Олимпиадасында желбіреткен еді. Кейін чемпион да спорт әлемінен өз орнын тауып, Жазира Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Ал Жәнібек Қандыбаев ересектер арасындағы дүниежүзілік сындарға қатысып жүр.
Тағы бір спортшымыз, дзюдошы Қайрат Ағыбаев аралас командалық сынд чемпиондық атаққа қол жеткізді. Бірақ бұл алтын Қазақстан есебіне жазылған жоқ.
Күміс жүлдені таеквондошы Нұрсұлтан Мамаев пен ауыр атлет Зүлфия Чиншанло иеленді. Мамаев бүгінде таеквондодан ұлттық құрама үздіктерінің біріне айналды. Ал Чиншанло әлем чемпионаттарында топ жарды.
2010 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегерлері қатарында «классик» Ақан Баймағамбетов пен ауыр атлет Рүстем Сыбай бар. Рүстем ересектер арасындағы ұлттық құрамаға жиі шақырту алады.
2014 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасын Қытайдың Нанкин қаласы қабылдады. 201 мемлекеттің арасынан Қазақсан спортшылары жалпы есепте 21-ші орынға табан тіреді.
Біздің спортшылар Нанкин төрінен 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль еншілеген еді.
Алтын жүлдені боксшы Абылайхан Жүсіпов, дзюдошы Бауыржан Жауынтаев және еркін күрес шебері Қуатбек Мұхамбетов жеңіп алды.
Абылайхан Жүсіпов ересектер арасындағы ұлттық құрама сапында Азия және әлем чемпионаттарында, сондай-ақ, Олимпиада ойындарына қатысқан тәжірибелі боксшы атанды.
Бауыржан Жауынтаев та дзюдодан ірі әлемдік турнирлерге қатысып жүр.
Күміс жүлдені боксшы Вадим Казаков, қола медальді Евгений Поливадов (грек-рим күресі), Жасұлан Қалиев, Татьяна Капустина (ауыр атлетика) және көркем гимнастикадан Қазақстан командасы иеленді.
Биылғы жасөспірімдер Олимпиадасында спорттың 22 түрінен 57 қазақстандық атлет аттанды. Жас спортшылардан біз толағай табыс күтеміз.

Еске сала кетейік, бұған дейін біз Қазақстандық спортшылар жасөспірімдер Олимпиадасына аттанғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.