Жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстардың жаз мезгіліне қарай арта түсетіні рас - Ішкі істер министрі
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстар саны жаз мезгіліне қарай біршама өсе түседі», деді Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов.
Бұл туралы ол бүгін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, жаз мезгілінде балалар көбіне ата-аналарының назарынан тыс болады және осы мезгілде олардың бос уақыттары да көп. Ал оны тиімді пайдалана алмаған жасөспірімдер құқықбұзушылықтарға бой алдырады. «Бұл мәселені Елбасы да бірнеше мәрте айтқан болатын», деді министр.
Сонымен қатар сөз арасында мектептердегі инспекторлардың да қызметіне тоқтала кеткен ол «Мектеп иснпекторлары елде жаңадан қолға алына бастаған және енді ғана қалыптасып келе жатқан институт. Бүгінде Астана мен Алматы қалаларындағы мектептер осындай инспекторлармен толық қамтылған. Аталмыш инспекторлардың қызметінің тиімділігі күмәнсіз», деді С.Баймағамбетов.