Жасөспірімдерді есірткіге еліктіргендерді тауып, жазалау жағы жеткіліксіз - Прокуратура
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы әкімдігінде Прокуратура жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында қала прокурорының көмекшісі Руслан Әйтімов полиция қызметкерлерін «жасөспірімдерді есірткіге еліктіргендерді табуға құлықсыз болып отыр», деп айыптады.
«Есірткіге қатысты есепте Астана қаласы бойынша кәмелеттік жасқа толмаған 71 бала тіркеуде тұр. Алайда, бұл фактілердің бір де біреуі бойынша тергеуге дейінгі тексерулер тиянақты жүргізілмеген. Жасөспірімдердің қалайша нашақор болғаны, оларды бұл жолға кімдер еліктіргені әлі де ешқалай анықталмаған», - дейді Р. Әйтімов.
Бұл ретте прокуратура өкілі қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Есірткімен күрес жөніндегі басқарманың «сенім телефоны» қызметі де тиімділік танытпай отырғанын атап өтті. Оның айтуныша, 2015 жылы «сенім телефоны» желісіне барлығы 28 қоңырау келіп түскен, соның ішінде үшеуі тексерілсе, қалған 24-і бойынша ақпараттар әлі күнге нақтыланбаған.
«Халыққа «сенім телефоны» қызметі туралы ақпарат та дұрыс жеткізіліп жатқан жоқ», - деді Р. Әйтімов.