Жасөспірім балуандар күрестен әлем чемпионатынан екі алтын медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілдері Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабек алтын медаль иеленді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Еркін күрестен 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бақдәулет Ағабек финалда Үндістан өкілі Аарьян Аарьянды 10:0 есебімен техникалық басымдық арқылы мерзімінен бұрын жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Чемпиондыққа дейінгі жолында қазақстандық балуан бес белдесудің барлығында жеңіске жетті. Іріктеу кезеңінде Тәжікстан өкілі Муслихиддин Ходжиевті (10:0), 1/8 финалда Болгария балуаны Эмир Джеватовты (10:0) мерзімінен бұрын ұтты. Ширек финалда Моңғолия өкілі Тэмүүлэн Усухбаярды небәрі 36 секундта 10:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда 2026 жылғы U17 Азия чемпионы, өзбекстандық Фаррух Махмудовтан 7:3 есебімен басым түсті.
Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медальды 30 шілде күні грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Дияр Аманәлі салды.
Турнирдің алғашқы белдесуінде ол Грекия өкілі Николаос Зинисисті 8:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Кейін Ресей спортшысы Эдем Пайзиевтен 3:1 есебімен басым түсті. Ширек финалда грузиялық Георгий Кеделидзені 2:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда Болгария өкілі Данимир Йордановты 8:1 есебімен айқын ұтып, финалға жолдама алды.
Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде Дияр Аманәлі Венгрия өкілі Кеве Ковачпен кездесті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. UWW ережесіне сәйкес, алғашқы нәтижелі әдісті орындаған қазақстандық балуанға жеңіс берілді.
Осылайша, Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабек әлем чемпионатының жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Қазақстан құрамасына 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының екі алтын медалін сыйлады.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан әйелдер күресінен U17 әлем чемпионатын екі медальмен аяқтады.