Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалында Қазақстан намысын бір ғана боксшы қорғайды

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалында Қазақстан намысын бір ғана боксшы қорғайды
Фото: sports.kz

Ереван қаласында (Армения) өтіп жатқан бокстан жасөспірімдер арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионатының финалына Қазақстан құрамасынан бір ғана боксшы шықты. Kazinform бұл туралы Sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.  

Қазақстан құрамасынан әлем чемпионатының финалына бір ғана боксшы шыға алды. Ол – 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрасыл Төлебек. Енді ол финалда үндістандық Джатинмен жұдырықтасады.

Нығман Нығмет (48 келі) те финалға шығу үшін барын салған болатын. Бірақ жартылай финалдық кездесуде армениялық Вагаршак Кеянға есе жіберіп, турнирді қола медальмен аяқтады.

Бастапқыда Қазақстан ерлер құрамасының 2023 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына он үш боксшы қатысқан болатын.

Қазақстан әйелдер құрамасының турнирдегі өнеріне келсек, финалда үш спортшы ел намысын қорғайды: Аяжан Сыдық (54 келі), Айсұлу Мұхит (66 келі) және Толғанай Қасымхан (60 келі).

Соңғы жаңалықтар