Сенегалда 2026 жылғы ойындарға кері санақ басталды

АСТАНА. KAZINFORM – 31 қазанда Сенегалдың астанасы Дакарда 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасына дейін бір жыл қалғанын атап өтетін мерекелік іс-шаралар басталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті хабарлады.

Жасөспірімдер Олимпиадасына дейін бір жыл: Сенегалда 2026 жылғы ойындарға кері санақ басталды
Фото: olympic.kz

Негізгі оқиғалар Дакар-2026 ойындарының тұмарын таныстыру және қаланың орталығында кері санақ сағатын іске қосу болды.

Ресми рәсім Дакардың «Үлкен театрында» өтті. Іс-шараға Сенегал президенті Басиру Диомай Файе, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің басшысы Кирсти Ковентри, ХОК-тың ойындарға арналған Үйлестіру комиссиясының төрағасы Хамфри Каянге және Сенегалдың Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Мамаду Ндияй қатысты.

Айта кетсек, қараша айында мерекелік бағдарлама дәстүрлі Dakar en Jeux мәдени-спорттық фестивалімен жалғасады. Ол жасөспірімдер Олимпиадасы өтетін үш қалада – Дакар, Диамниадио және Салида ұйымдастырылады. Фестивальге мыңдаған оқушы, өнерпаз және жергілікті тұрғын қатысып, спорт, музыка және өнер арқылы олимпиадалық құндылықтарды дәріптемек. Сонымен қатар Дакарда ашық есік күндері өтеді. Онда түрлі елдің өкілдері жарыс нысандарымен, дайындық кезеңдерімен танысып, өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылай алады.

Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасы 2026 жылдың 31 қазанынан 13 қарашасына дейін өтеді. Бұл Олимпиада тарихта алғаш рет африкалық құрлықта ұйымдастырылады.

Алдағы ойындарға қатысушылар үшін жалпы талап - Олимпиаданың жабылу сәтінде 17 жастан аспау қажет. Ең төменгі жас санаты әр спорт түрінің ерекшелігіне қарай тиісті халықаралық федерациялармен бекітіледі.

Бағдарламаға 25 спорт түрі енеді. Ал тағы 10 спорт түрі көрсетілімдік форматта ұсынылады. Бұл қабылдаушы ел мен аймақтағы жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, жаңа бағыттарда өз мүмкіндіктерін байқап көруге жол ашады.

Бұрынғы жасөспірімдер Олимпиадасынан айырмашылығы – Дакар-2026 ойындарында Халықаралық Олимпиадалық комитеті дәстүрлі іріктеу жүйесінен бас тартты. Елдерге берілетін квоталар ХОК пен халықаралық федерациялар тарапынан орталықтандырылған түрде бөлінеді.

Тәуелсіздік алғаннан бері қазақстандық спортшылар жазғы жасөспірімдер Олимпиадаларында (2010, 2014, 2018) барлығы 9 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Жасөспірімдер Азиадасын үздік үштікте түйіндеді.

Соңғы жаңалықтар