Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан туын кімдер алып шығады
Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан мемлекеттік туын алып шығатын атлеттердің есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлім еткендей, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан туын Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының спортшылары алып шығатын болады.
Атап айтсақ, «Ұлттар шеруі» кезінде Қазақстан туын конькимен жүгіруден Петропавлдан ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шығады.
«Бұл мен үшін керемет қобалжитын сәт. Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсету – абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік. Мен мұз айдынында бар күшімді саламын деп уәде беремін. Әрқайсымыз Олимпиада жүлдесін алуды армандаймыз және бұл ойындар – бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік», - деп бөлісті Кристина Шумекова.
Ал өз кезегінде шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ерасыл Шыңғысхан да өз эмоцияларымен бөлісті.
«Мен үшін Канвонда еліміздің ұлттық құрамасының туын алып шығу - үлкен жауапкершілік. Біздің команда алдағы жарыстарға дайын, мен Қазақстанды лайықты түрде көрсете алатынымызға сенімдімін. Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу – біздің әрқайсымыз үшін маңызды тәжірибе, кәсіби өсуіміздің бір бөлігі», - деді спортшы.
Айта кетейік, Канвон-2024 жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпиада ойындары 19 қаңтарда ашылады және 1 ақпанға дейін Пхенчхан 2018 қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында өтеді. Оңтүстік Кореядағы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына әлемнің 50 елінен 1800 спортшы қатысады деп жоспарланған. Жеті спорт түрінен (15 пән) 81 медаль жиынтығы ойнатылады. Қазақстанның спорт делегациясы құрамында спорттың бес түрінен 42 спортшы бар.
Қазақстан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Жалпы, еліміз үш қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарына қатысып, екі күміс және алты қола медаль жеңіп алды.