Жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу: Қазақстан қай елдердің тәжірибесіне арқа сүйеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерде тіркелуіне қатысты әзірленіп жатқан заң жобасында бірнеше елдің тәжірибесі ескеріліп жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты.

Аустрияда 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынбақ
Фото: DW

– Аустралияда кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін шектеуге бағытталған шаралар заңнамалық деңгейде іске асырылып жатыр. Мұндай шектеу Индонезияда, Түркияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде де енгізілген. Францияда осыған ұқсас заң жобасы әлі келісіліп жатыр, ал Испания, Дания және Ұлыбританияда осындай бастамалар талқылану үстінде. Аталған елдердің тәжірибесі ұлттық заңнаманың ерекшеліктерін, цифрлық даму деңгейін және қолданылатын технологиялық шешімдерді ескере отырып зерделенеді, – деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Ведомствоның айтуынша, халықаралық тәжірибе Қазақстандағы құқықтық және технологиялық мүмкіндіктерді ескере отырып қарастырылады.

Айта кетейік, қазір Үкіметтің қарауында жатқан заң жобасында жедел хабар алмасу сервистерін қоспағанда, 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды онлайн-платформаларда тіркеуге тыйым салу көзделген.

Бұған дейін Ұлыбританияда 16 жасқа толмағандарға Snapchat, TikTok, YouTube, Instagram, Facebook және X сияқты платформаларға кіруге тыйым салынатыны жайлы жаздық. Шектеу 2027 жылдың көктемінде күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Ал 1 маусымда Малайзияда 16 жасқа толмаған балаларға жеке әлеуметтік медиа аккаунттарын ашуға тыйым салатын жаңа ереже күшіне енген болатын