Жасөспірімдерге беймезгіл уақытта қызмет көрсеткен кәсіпкер айыппұл арқалады
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында түнде жасөспірімдерге қызмет көрсеткені үшін дәмхана иесіне айыппұл салынды. Кәсіпкер 129 750 теңге айыппұл төлеп, тамақ жеткізу және алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сату қызметін бір айға тоқтатты.
Меркі аудандық сотының мәліметінше, 2026 жылғы сәуірде Меркі ауылындағы кафелердің бірінен түнгі уақытта 15 және 17 жастағы екі жасөспірім анықталған. Олардың жанында заңды өкілдері болмаған.
Істі қарау барысында кафе иесінің осыған ұқсас құқықбұзушылығы үшін наурыз айында да әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Алайда бір айдан кейін заң бұзушылық қайталанған.
Кәсіпкер хаттамада көрсетілген мән-жайларға қарсылық білдірмей, кінәсін мойындады. Жасөспірімдер де түнде ата-аналарынсыз кафеде болғанын растады.
Сот істі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабының 2-бөлігі бойынша қарады. Бұл норма заңды өкілдерінсіз кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық орындарына қайта кіргізгені үшін жауапкершілікті көздейді.
Сот кінәні мойындауды жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Кәсіпкерге 30 АЕК, яғни 129 750 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар сот оның тамақ жеткізу және алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сату қызметін бір айға тоқтатты.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, биыл Петропавлда 9 жасөспірім арнайы мекемеге оқуға жіберілді.