Жастар әдемі спорт түрімен айналыссын - СҚО әкімі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Имантау-Шалқар курорттық аймағында демалыс базаларын аралап, туристік сала кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар әдемі спорт түрімен айналыссын - СҚО әкімі

Өңір басшысы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бизнесмендер биыл ашылатын демалыс базаларының жаңа жобаларын таныстырды.

Жеке кәсіпкер Жанат Омар Имантау көлінде желкенді клубтың ашылатыны туралы айтты.

«Қазір клубта 3 желкен бар. Грант алуға өтініш бердік, тағы бір желкен қажет. Жастар желкенді спорт түріне қызығушылық танытуда. Студенттер шкипердің куәлігін алу үшін Түркияға барып жатыр», - деді Ж. Омар.

Құмар Ақсақалов жас кәсіпкердің және кәсіби шкипердің бастамасын қолдады. Өңір басшысы Петропавлдағы Пестрое көлінде желкенді спортты дамытуды ұсынды.

«Ол жақта үнемі жел соғып тұрады. Сіз «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша грант ала аласыз. Бұл қаржыға жаңа желкендер сатып аласыз. Қазір Пестрое көліндегі жағажай абаттандырылуда. Сонда желкендерді жіберіңіз. Жастар әдемі спорт түрімен айналыссын», - деді Құмар Ақсақалов.