Жастар арасындағы Азия ойындары Өзбекстанда өтпейтін болды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Азия Олимпиада кеңесі жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары Өзбекстанда өтпейтінін хабарлады. Турнирді енді Бахрейн қабылдайды, деп жазады Gazeta.uz.

қысқы Азия ойындарының медальдары
Фото: Синьхуа агенттігі

2025 жылы Ташкентте өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары Өзбекстанда өтпейді. Жарысты Бахрейн елі қабылдайды. Бұл ақпаратты Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі растады. Сондай-ақ, 2 желтоқсанда бұл туралы Азия Олимпиадалық кеңесі әлеуметтік желідегі парақшасында ресми түрде хабарлады.

– Азия Олимпиадалық кеңесі Өзбекстан астанасы Ташкентте өтуі тиіс болған жасөспірімдер арасындағы ІІІ Азия ойындарының өтпейтінін хабарлады. 2024 жылдың 2 желтоқсанында Атқару кеңесінің отырысында қабылданған шешімге сәйкес, енді іс-шара 2025 жылы Бахрейнде өтеді, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2019 жылы қыркүйекте Дохада өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен Өзбекстан 2025 жылғы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болған еді. Тіпті, Министрлер Кабинетінің 2020 жылғы 8 тамызда «Конкурсқа дайындық шаралары туралы» қаулысы бекітілген еді.

Соңғы жаңалықтар