Жастар арасында экологиялық партияға деген сұраныс жоғары – Индира Рыстина

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина халықтың саяси партияларға деген сенімі қай деңгейде екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің Жолдауы аясында елдегі 6 сайланбалы институтқа енді 2 институт қосылады. Атап айтсақ, 2024 жылдан бастап аудан әкімдерінің сайлауы басталады. Саяси реформаның төртінші пакетінде осындай жоспар бар. Сондай-ақ, Президенттің ұсынысымен облыс әкімдігіне үміткер екі адамның облыстық мәслихаттар арқылы шығып, таңдалуы жанама сайлауға жол ашады. Сонда елімізде 8 институттың өкілдері сайланбалы тәсіл арқылы қызметке алынады», - деді сарапшы.

Аталған сайланбалы институттарға деген елдің сенімі қаншалықты деңгейде екенін білу үшін Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сауалнама жүргізген екен.

«Бұл сауалнама Жолдаудан бұрын, ақпан айында жасалды. Соның қорытындысы бойынша халықтың 81,4 пайызы Президентке сенім артатынын көрсетті. Қалған институттарға деген сенім әлдеқайда төмен. Мысалы, Үкіметке деген сенім – 53,2 пайыз, Парламентке деген сенім – 50,4пайыз, жергілікті әкімдерге деген сенім 59,4 пайыз, облыс әкімдеріне деген сенім 51,8 пайыз болды. Ең төменгі сенім көрсеткіштері мәслихаттардың үлесінде – 45,5 пайыз. Саяси партияларға деген сенім 43,7 пайыз ғана болды», - деді Индира Рыстина.

Айтуынша, соған қарамастан қоғамда жаңа саяси партияларға деген сұраныс өте үлкен.

«Әсіресе экологиялық талаптарды мақсат ретінде ұстанаты Жасылдар партиясына деген сұраныс байқалып отыр. Қолға алынып жатқан саяси реформалардың аясында саяси партиялар құруға жеңілдіктер бар. Партияны тіркеуге қажет қолдар саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылды. Тіркеуден өтудің мерзімі де кеңейтілді. Осыны негізге алып, араларыңызда Жасылдар партиясын құруға ниет білдіріп жатсаңыздар, ғылыми негіздеме бар екенін ескерулеріңізге болады», - деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы.

Айта кетейік, бүгін астанада «Жастардың жаңа Қазақстанды құрудағы рөлі» атты аналитикалық дискурс өтті.


Соңғы жаңалықтар