Жастар арасында гендерлік теңдікті кеңінен таныстыру мәселесі талқыланды - Астана

Жиналысты ашқан Білім және ғылым министрлігі Тәрбие жұмыстары және жастар саясаты департаментінің талдау, мониторингілеу және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Ерлан Қарабалаев: «гендерлік теңдік тақырыбы, әсіресе бұл мәселені жастар арасында кеңінен таныстыру, қазіргі таңда өте өзекті және маңызды», деп атап көрсетті.
Ал БҰҰ-ның ЮНИФЕМ қоры өкілдігінің гендерлік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Наталья Аман ханым өз сөзінде, «жастар арасында гендерлік теңдік мәселесі аз сөз болатынын, негізінен жалпы қоғамдық теңдік туралы мәселе көтерілетінін» айтты. Оның пікірінше, орта мектептерде гендерлік теңдік бойынша оқу курстарын енгізу немесе осы мәселе кеңінен талқыланатын семинарлар, «дөңгелек үстел» отырыстарын өткізу керек, себебі «...бұл мәселе жастар арасында аса өткір тұр».
«Дөңгелек үстел» жұмысына халықаралық құрылымдардың, әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарының, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысуда. Шараны өткізудегі мақсат - 2009 жылы желтоқсанның 10-ында қол қойылған «Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің тең құқықтары туралы» ҚР Заңын әрі қарай жүзеге асыру, мемлекеттік жастар саясатына гендерлік аспектілерді енгізу жөніндегі ұсыныс-кеңестер талдап жасау.