Жастар арасында «Тарихыңды таны» жобасын ұйымдастыру керек – Бас мүфти
«Расында, өскелең ұрпақтың тарихи санасына сілкініс жасауда Ұлытаудың орны ерекше. Көпшілік қауым бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін арнайы келеді. Түркия елінде оқушылардың жазғы демалысында жүзеге асатын керемет жоба бар. Мектеп мұғалімдері жаз бойы мектеп оқушыларының Түркияның тарихи орындарына арнайы саяхатын ұйымдастырады», - деді ол.
Бас мүфтидің атап өтуінше, мұндай саясат барысында тарихшылар өз елінің арғы-бергі тарихын жастарға тәптіштеп түсіндіріп, жетесіне жеткізеді.
«Біз осы тәжірибені алып, өз елімізде жастар арасында «Тарихыңды таны» жобасы аясында тарихи танымдық сапар ұйымдастыруды ұсынар едім. Көп естігеннен бір көрген артық демей ме?! Бұл жоба жас буын өкілдерінің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың бойына ұлтжандылық, отаншылдық сезімдерді ұялатуға ықпал етер еді», - деді Наурызбай Тағанұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, Жезқазған қаласында «Ұлытау облысының рухани дамуы» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда зиялы қауым өкілдері ізгі қоғам құруға қажетті алғышарттар жайлы ойларымен бөліскен.