Жастар еңбекқорлығымен бәсекеге түсуі керек - депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет тарапынан, әсіресе Елбасының жеке бастауымен жастарға көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдау аз емес. Мұндай пікірді Сенат депутаты Әлімжан Құртаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастар еңбекқорлығымен бәсекеге түсуі керек - депутат

«Білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Серпін» бағдарламасы жүзеге сәтті асырылып келеді. «StartapBolashak» бизнес-жобалар байқауы ғылым мен технология, инновацияға жақын жас қазақстандықтардың танылуына мүмкіндік береді. Ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет, спортта ерекше көзге түскен талантты жастарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы табысталады. Президент тапсырмасымен қабылданған «7-20-25» бағдарламасы әр жас отбасыға ыңғайлы шарттармен баспана алуға мүмкіндік береді», - дейді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, қазақстандық жастар басқа емес, білімімен, еңбекқорлығымен бәсекеге түсуі керек.

«Жастар - еліміздің жарқын болашағына жетелейтін басты қозғалтқыш. Осы орайда, Елбасы мен Қазақстан халқының жастарға үміт артуы орынды екеніне күмән жоқ. Елбасының Жастар жылының ашылуы кезінде жас ұрпақтың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған тапсырмалары олардың ел экономикасы мен руханиятын дамытуына үлкен демеу болары сөзсіз. Өз кезегінде олар да Отанына адал қызмет етіп, өркениетке ұмтылары анық. Жастар білімімен, тәрбиесімен, отансүйгіштігімен, еңбекқорлығымен бәсекеге түсуі керек», - деп түйіндеді сөзін Әлімжан Құртаев.

Фото: egemen.kz