Жастар исламның шынайы мақсатын дұрыс түсіне білуі тиіс - Бас мүфти

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Шабыт» сарайында колледж бен университет студенттерінің қатысуымен «Отан. Руханият.Жастар» ғылыми-танымдық конференциясы өтті.

Жастар исламның шынайы мақсатын дұрыс түсіне білуі тиіс - Бас мүфти

Бұл туралы astana.gov.kz Астана қаласының ресми сайтынан хабарлады.

Конференцияда діннің негізгі бағыттары, оның адамға қажеттілігі мен жастардың мемлекеттегі рөлі талқыланды. Сонымен қатар, шараға қатысушылар жастарды діни сауатын арттыруға, жат діни ағымдарға енбеуге шақырды.

«Жастар біздің қоғамымыздың белсенді бөлігі, мемлекеттің қозғаушы күші болып табылады. Қазіргі уақытта әлемде жат ағымдар мен жалған діни ілімдердің саны күн сайын артып келеді. Сондықтан жастар исламның шынайы мақсатын дұрыс түсіне білуі тиіс. Біз жастарды исламның дәстүрлі қағидаларын сақтап, мәдени және рухани құндылықтарымызды одан әрі дамытуға шақырамыз», - деді Қазақстан Республикасының Бас мүфтиі, ҚМДБ төрағасы Ержан Маямеров өз сөзінде.

Ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты -діннің негізгі құндылықтарын дәріптеу, жастардың діни сауатын арттыру, ҚР Президентінің «Қазақстан - 2050» стратегиясы» жолдауында көтерілген негізгі мәселелерді іске асыру, ел арасында деструктивті, жат ағымдардың таралуының алдын алу, сондай-ақ, жастар арасында толеранттылық пен отансүйгіштікті насихаттау болып табылады.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Бас мүфтиі, ҚМДБ төрағасы Ержан Маямеров, қоғам қайраткерлері, депутаттар, діни қызметкерлер, сонымен қатар, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қатысты. Шара соңында елордалық жастар үшін елімізге танымал әнші, термеші, МузАРТ тобының мүшесі Мейрамбек Беспаевтың қатысуымен концерт ұйымдастырылды.