Жастар Қасым-Жомарт Тоқаевты жақсы көреді – Президентті аниме стилінде салған жас суретші

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жас суретші Аружан Ұнарбекованың туындылары қазіргі таңда ғаламторда кең таралған. Әсіресе, оның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнесін аниме стилінде салған суреттері күн өткен сайын танымалдыққа ие бола бастады. Оның қолынан шыққан бұл ерекше туынды әлеуметтік желіде 2 миллионнан астам қаралым жинап, көпшіліктің көңілінен шықты. Осы орайда, өнер иесі ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, өзінің жұмыстары мен алдағы жоспары туралы ой бөлісті.
None

Аружан - 22 жаста. Бүгінде ол Еуразия ұлттық университетінде «сәулет дизайны» мамандығы бойынша білім алып жатыр.

«Мен бұл мамандықты таңдаған кезде суретші немесе аниматорға қарағанда жауапты іс деп ойладым. Қазір «Тасқын» анимациялық студиясында жұмыс істеймін. Бос уақытымда манга (жапон комикстары) оқығанды, йогамен айналысқанды, достарыммен кездескенді ұнатамын», - дейді Аружан Ұнарбекова.

Ол бала кезінен сурет салғанды жақсы көреді. Кейін осы салада өз шеберлігін ұштап, дамытуға не түрткі болғанын әңгімелеп берді.

«Ата-анаммен бірге жиі көшіп жүргендіктен, маған мектепте бейімделу қиындау болды. Сабақта артқы партада отырып, сурет салатын оқушының бірі мен болатынмын. Дегенмен сабақты үздік оқыдым. Мен суреттерді көбіне iPad-қа саламын. Сонымен қатар, қылқалам және дәстүрлі тәсіл саналатын қарындашпен де сурет сала беремін. Сыныптастарыма менің салғандарым ұнайтын. Бұл мені одан әрі жетіле беруге ынталандыратын. 11-сыныпта болашақта қандай мамандықты таңдайтынымды ойлана бастадым. Бастапқыда мен химия немесе биологиямен байланысты мамандыққа түскім келді. Бірақ, ойлана келе таңдау сәулет дизайны мамандығына түсті. Қазір менің жұмысым мультфильмдермен байланысты. Үшінші курста достарыммен бірге Instagram желісінде сурет өнері туралы ой бөлісіп, туындылардың мағынасына түсініктеме беру мақсатында аккаунт ашқаным әлі есімде. Біз үшін бұл өте қызық болды. Меніңше, осы бастама да шеберлігімді шыңдауға сеп болған шығар», - деп тоқталды жас иллюстратор.

Аружанның қолынан шыққан туындылардың арасында көпшілік ықыласына ие болған – ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреттері. Осы орайда, өнер иесі Мемлекет басшысының бейнесін аниме стилінде (жапон мультипликациясы) салу идеясы қалай пайда болғанын айтып берді.

«Мен өзімнің TikTok аккаунтымды ашып, онда танымал фэндом және анименің арнайы жанрларында сурет салу туралы видеолар жүктеп жүрдім. Кейін Президентті салып көрдім. Ешқандай жоспар, ой болған жоқ. Сурет аниме стиліне ұқсас болып шықты. Біздің буын аниме көргенді, манга оқығанды жақсы көреді. Бұл суретім ерекше шықты, бәрінің көңілінен шықты. Содан кейін мен Президенттің тағы бір бейнесін салдым. Ол да көрермендерге ұнады», - деді суретші.

Аружан өзінің картиналарын көбіне «жартылай реализм» жанрында салатынын атап өтті.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының суреттері неліктен желіде кең танымалдыққа ие болды деген сұраққа жауап берді. Оның қолынан шыққан бұл туынды көптеген қаралым жинап, оған көптеген адам, соның ішінде шетелдіктер де комментарий қалдырған.

«Менің ойымша, бұл ерекше стилімнің арқасы. Оның жеке тұлғасы да маңызды рөл атқарды деп ойлаймын. Өйткені, ол - еліміздің Президенті. Осылайша, өте керемет комбинация болды. Қарапайым адамның аниме сериясындағы бейнесі қандай болары бәріне де қызық. Мысалы, Қазақ хандығының тарихы туралы баяндайтын анимелер шықса, өте қызық болар еді», - деп ой бөлісті.

Алдағы уақытта да Президенттің суретін сала ма деген сұраққа Аружан егер аудитория соны қаласа, онда бұл бағыттағы жұмысын жалғастыратынын айтты.

Аружан Мемлекет басшысынан бөлек, танымал қазақ тұлғаларының, қоғам қайраткерлерінің және батырларының суреттерін де салады.

Әлеуметтік желіде жас суретші салған Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан, ақын Ілияс Жансүгіров, этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов, Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Бауыржан Момышұлы бейнеленген картиналарды көруге болады. Бұдан бөлек, ол сақ патшайымы Томиристің бейнесін де салған.

«Адамды қаншалықты тартымды етіп салсам, аудитория да соншалықты оған назар аударатынын байқадым. Мен өз көрермендерімнің танымал қайраткерлер туралы көбірек білгенін, оқығанын қалаймын. Бұл өнерімді жалғастырамын және алдағы уақытта көбірек әйел кейіпкерлердің бейнесін салғым келеді. Сонымен бірге, түрлі суретшілермен ынтымақтастықта жұмыс істеуді жоспарлап отырмын», - деп атап өтті Аружан.

Таяуда өнер иесі «Almacon» деп аталатын гик және поп-мәдениетінің (Гик - танымал мәдениетке қызығушылық танытатын адам) комикстер фестиваліне қатысты. Аталған шараға шығармашылық және талантты жастар жиналған. Аружан фестивальге Мемлекет басшысы бейнеленген жапсырмалары бар арнайы футболка, қалың жейделер мен свитшоттар дайындаған. Жас суретшінің жұмысы шараға қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырған.

Айта кетейік, Аружан біздің оқырмандарымызға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас кезі бейнеленген аниме стиліндегі арнайы сурет дайындады.

«Қазіргі уақытта мен Президенттің суретімен стикерлер (жапсырмалар) дайындап жатырмын. Бірде досым Ұлыбритания патшайымы II Елизавета бейнеленген стикерлер жіберді. Бұл жақсы идея екен деген ой келді. Осы жобаны жүзеге асырғым келеді», - деп бөлісті суретші.

Сонымен қатар, Аружан біздің агенттікке берген сұхбаты барысында тағы бір эксклюзив суретін көрсетті. Ол - алда жарық көретін әйгілі күйші Құрманғазының өнері мен өміріне негізделген мультфильмнің кадрлары.

Жас иллюстратор шетелдіктермен де жұмыс істейді.

«TikTok-қа тіркелгенге дейін әртүрлі сайттар арқылы тапсырыстар қабылдап жүрдім. Шетелдік клиенттердің арасында Жапония тұрғындары да болды. Жақында менімен араб жазушысы байланысқа шықты. Ол маған өзінің кітабы желісімен манга салуды ұсынды. Жазушылар мұндай ұсынысты жиі жасайды. Яғни, кітаптың сюжеті бойынша суреттер салдырады», - деп атап өтті ол.

Аружан болашақ жоспары жайлы да айтып берді.

«Мен бірінші кезекте SMM курстарынан өткім келеді. Өйткені, мен қазіргі уақытта суретшінің керемет сурет салып қана қоймай, өзін жарнамалауы керек екенін түсіндім. Басқалар сізді байқауы үшін өзіңіз туралы мүмкіндігінше көп айту керек. 3D анимацияны да үйренгім келеді», - деп түйіндеді Аружан Ұнарбекова.


Соңғы жаңалықтар