«Жастар корпусын дамыту» жобасы іске қосылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бірлесіп іске қосқан «Жастар корпусын дамыту» жобасы қолға алынды. Бүгінгі таңда аталған жоба аясында еліміздің жастары үшін гранттық бағдарлама басталғалы отыр. Оны, ұйымдастырушылардың айтуынша, Үйлестіру агенттігі іске асырады.
«Жастар корпусын дамыту» жобасы - бұл күрделі және көп қырлы жоба. Оның негізгі мақсаты - жастарды, әсіресе жастардың осал топтарын қоғамдастық өміріне тарту және қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту. Сол бағдарлама арқылы олардың өмірлік маңызы бар дағдыларын қалыптастыру және дамыту.
Жоба 2017 жылы пилоттық түрде іске қосылып отыр. Соның нәтижесінде жоба Қазақстанның төрт аймағын, яғни Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарын қамтиды деп жоспарлануда. Пилоттық режимде іске асатын 2017 жылы бұл шараға шамамен 3 000 адам қатысады деп күтілуде.
Ұйымдастырушылар сөзіне сүйінсек, жобаның ерекше басымдығында - оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар. Оның ішінде кәсіптік қайта даярлауға тартылмаған жастар немесе жұмыс істейтін, бірақ кедейлік шегінен тыс қалып отырған жас азаматтар.
Естеріңізге сала кетейік, «Жастар корпусын дамыту» жобасы негізгі төрт компоненттен тұрады:
- жастар топтарына әлеуметтік маңызы бар кіші жобаларды жүзеге асыру үшін оларға гранттар мен әлеуметтік шәкіртақылар беру;
- жас адамдарды өмірлік маңызы бар дағдыларды қалыптастыру, дамыту және жобаларды басқару бойынша оқыту;
- жастардың осал топтарымен жоспарлы түрде жұмыс істеу;
- тиімді ақпараттық-түсіндіру науқанын және кері байланыс пен мәселелерді шешу тетігін іске асыру.
«Жастар корпусын дамыту» жобасына еліміздің 18-ден 29 жасқа дейінгі барлық азаматтары қатыса алады. Дей тұра, ерекше басымдылық жастардың осал топтарына жасалып отырғандығын ескерте кетейік. Жоба аясындағы «Өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту» бағдарламасы 6 ай аралығындағы уақытқа жоспарланып отыр. Оған: жоба бенефициарлары үшін бастапқы алты күндік тренинг, кіші жобаларды іске асырудың жоспарлары мен бюджетің жетілдіру, кіші жобаларды бес айлық тәжірибелік іске асыру, қорытынды алты күндік тренинг, бенефициарлардың кіші жобаларды орындау туралы бағдарламалық және қаржы есептерін тапсыруы кіреді.
Аталған бағдарлама жастарда өмірлік маңызы бар дағдыларды дамытуды, сонымен қоса олардың әлеуметтік жобаларын іске асыру мүмкіндігін болжамдайды.
Конкурстың шеңберінде қатысушы ретінде өтінім беру үшін - 3-5 адамнан топтарға бірігіп (қатысушылардың жасы 18-ден 29-ға дейін), өз әлеуметтік идеясын zhasproject.kz сайтында өтінім нысанында баяндау қажет. Өтінімді өз беттерімен немесе сайттан қабылдаушы ұйымды таңдау арқылы ұсынуға болады. Гранттың ең көп сомасы 1 000 000 теңгені құрайды, әлеуметтік жобаны іске асыру кезеңі - 5 ай. Сонымен қоса, қатысушылар үшін шәкіртақылар қарастырылған: 26 000 теңге - мектеп түлектері мен студенттер үшін, 61 000 теңге - жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері үшін.
Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде төрт пилоттық облыстың тұрғындары ішінен менторларды іріктеу өтуде. Ментор ретінде 21 жастан асқан, әлеуметтік жобаларды іске асыру тәжірибесі және жастармен жұмыс тәжірибесі бар адамдар бола алады. Өтінімді zhasproject.kz сайтында ұсынуға болады.