Жастар қой терісін жамылған діни ағымдардан сақ болғаны жөн - Әбсаттар қажы Дербісәлі
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жылы Атырау облысында сәләфи бағыттағы 27 адам жергілікті имамдардың арқасында ханафи мәзхабын ұстанатын болды.
Бұл туралы бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас имамдарының басқосуында Атырау облысындағы өкіл имам Амантай Сәдиев мәлім етті.
Оның айтуынша, теріс ағымның ықпалында жүрген аталмыш жастар бұдан былай ханафи мәзхабын ұстанатынын айтып, имамға мойнсұнатынын білдірген. Мұндай жағымды жаңалықтар Ақтөбе облысында да бар. Қателігін мойындап, имамнан кешіріп сұрап келгендер көп екен. Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мұндай мәселелерді сатылап шешуді тапсырды.
«Қой терісін жамылған діни ағымдардың жымысқы іс-әрекетін тоқтату, ағартушылық бағытта тынбай тірлік ету, мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында ел бірлігі, халық ынтымағы, иман байлығы жайлы уағыз-насихаттарымызды күшейтуіміз керек. Сонда ғана кейбір діни ағымның жетегінде кеткен жастарымыз теріс пиғылды паш етіп жүрген секталардан секем алып, бабаларымыздан жеткен дәстүрлі дініміз - Исламмен қауышады. Міне, біз осы бағыттағы жүйелі жұмысымызды жалғастырып, адамдардың жүрегіне жол тауып, ізгіліктің, иманның, Исламның, даналық жолдың дәнін себе беруіміз керек. Халықты діни сауаттандырмайынша, бүгінде бой көрсетіп жатқан дін саласындағы кейбір мәселелердің күрмеуін шешіп, түйінін тарқатам деу - әбестік», - деп атап өтті Дінбасы.
Есеп беру жиынында сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты жақсарту, ҚМДБ уағыз-насихат тобын бекіту, интернет жүйесін жетілдіріп, пайдалану, діни басқарма тапсырмаларының орындалуы, Зекет қоры туралы, қажылық, медреселерге оқулық жазу, имамдардың киім мәдениеті, оларға семинарлар ұйымдастыру, азаншы мәселесі, басқару-бақылау, оқу-ағарту, уағыз-насихат жұмыстары, діни рәсімдердің жағдайы, құрылыс, шаруашылық жұмыстары, мешіттерге ат беру мәселесі қаралып, пысықталды. Тиісті тапсырмалар берілді.
«Биыл еліміз үшін жақсы жыл болды. Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа жолдаған Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындап берді. Онда дін саласына қатысты бірқатар мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылған. Діни басқарма осы бағыт бойынша жұмыс жасап келеді. Бұл игі-дәстүр бұдан былай да жалғаса бермек», - деді Дінбасы кезекті төралқа отырысында.
Есеп беру отырысы екі күнге созылмақ.