«Жастар мәселесін агенттік шеше ала ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 қараша, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жастар мәселесін агенттік шеше ала ма?» - баспасөзге шолу
*** «Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астанабасжос­пар» ғылыми-зерттеу жобалау институтында» болды. Елбасы қазіргі уақытта белсенді көші-қон үдерісі есебінен елорда тұрғындары 900 мың адамға жақындап қалғанын атап өтті. - Бүгінгі күні елорданы ауқымды кеңейтіп, халқының санын 2-3 млн. тұрғынға жеткізу жобалары жоқ. Бұл үшін көп нәрсе - коммуникациялар, сумен жабдықтау және өзге де инфрақұрылымдар жеткіліксіз. Сондықтан бірнеше мәселені шешетін кез келді. Мысалы, қала сыртында жеке адамдар кезінде арзан бағамен сатып алған алаңдар әлі күнге дейін көп. Қазір олар ол жерлерді кейін құрылыс салу кезінде сатып жіберіп, мемлекет есебінен «жеңіл жолмен» ақша табу үшін ұстап отыр. Мен ол жерлерді қайтарып алып, мемлекеттік мақсаттарда пайдалану үшін тексеруді жалғастыруды прокуратураға арнайы тапсырамын. Біз олардың иелері кімдер екенін білетін боламыз және дәрежесіне, лауазымына, кім екендігіне қарамастан, жер телімдері мемлекетке қайтарылатын болады, - деді Қазақстан Президенті. Бұл жайында газеттің бүгінгі санындағы «Елорда аясы шексіз емес» деген мақалада толықтай берілген. Бас басылымда «Бағдарламалардың аяқсыз қалуы шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа әбден құнығып кеткенінен» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Қазмедиа орталығының» кезекті қонағы болған Мәжіліс депутаты Асхат Бекенов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне байланысты өзінің ойын білдірді. «Елбасының нақты сын-ескертпелерінен кейін мемлекеттік органдар өз жұмысын қайта қарап, жітілікпен жүргізуге тырысуда деп ойлаймын, деп бас­тады ол өзінің сөзін. Сондықтан да мұндай сындардың пайдасы өте зор. Одан әрі депутат жергілікті билік органдарының бағдарламаларды іске асыра алмау себептеріне тоқталды. «Мен нақты бағдарламаларға бөлінген қаражаттарды игермей, белгіленген жұмыстарды іске асыра алмай жату - орталықтағы және жергілікті деңгейдегі шенеуніктердің елдегі нақты жағдайды білмеуінен, мүмкін, тіпті, білгісі де келмегенінен, тек жеке бастарының ғана мүддесін көздеп, сыбайлас жемқорлыққа әбден құнығып кеткенінен деп санаймын. Басқаша түсіндіру қиын», -деді депутат. *** «Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстанда кейбір адамдарға қызметтік пәтерлерді жекешелендіруге тыйым салынуы мүмкін. Мәжілісте кеше тұсауы кесілген «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында осы көзделеді. Бұл жоба сондай-ақ әбден тізгінсіз кеткен ПИК (КСК) төрағаларын әкімшілік жазаға тартуды қарастырады. Қазақстанда бүгінде кондо­ми­ниум­дердің небәрі 10 пайызы ғана тіркеліпті. Яғни бүгінде еліміздегі ПИК-тердің («КСК») 90 пайызының пәтер иелерімен ара­сын­да­ғы келісімдері заңсыз болып табылады екен. «Тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қор­ғау одағының» басқарма төрағасы Вик­тор Сыздықов ондай үйлердің тұрғындары тіп­ті сотқа жүгініп, өздерінен бұған дейін жи­нап келген қаржыларды ПИК-тен кері қай­таруды талап ете алатындығын айтады. Өйт­кені «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы­ның 32-бабына сәйкес, кондоминиумді тір­кеусіз кез келген келісім заңды күшіне мін­бейді. Ол ол ма, онсыз ортақ мүлікке қа­тысты мәмілелер де заңсыз, яғни мы­сал­ға, көппәтерлі үйлердің жертөлелерін қан­дайда бір бизнес үшін сатуға бол­май­ды. Осы жайында газеттің бүгінгі санындағы «Қызметтік пәтерді жекешелендіруге тыйым салынады» атты мақаладан оқиы аласыздар. Сонымен қатар осы басылымда «Жастар мәселесін агенттік шеше ала ма?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Республикалық жастар агенттігі құрылмай, жастардың қордаланып қалған мәселесін шешу мүмкін емес. Мемлекет ақшасына оқыған түлектер жұмыспен қамтылуы тиіс. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда ең әуелі ауылға қандай маман керек екені зерттелсін. «Нұр Отан» партиясының «Жастарды қолдау» бағытында өткізген партиялық сараптама тобының отырысында осындай ұсыныстар жасалды. Жастарды еңбекке орналастыру, жастар саясаты саласында 2014 жылға арналған облыстық бюджетті құру және жастар ұйымдары жұмысының желілік кестесін қалыптастыру мәселелері қаралған отырысқа сарапшылар тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Мейрам Бегентаев жетекшілік етті. Бірінші мәселе бойынша баяндауға келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту мониторингі және талдау басқармасының басшысы Ләззат Себепбаева баяндамасының бел ортасына жете алмады, жан-жақтан жауған сұрақтың астында қалды. Себебі министрлік өкілінің жауабы сараптама тобы мүшелерінің көңілінен шықпады. *** «Жас қазақ» газетінің соңғы санында «Шеге қағатын адам қалмады» деген тақырыппен Мәжіліс депутаты Майра Айсинамен арадағы сұхбат берілген. «Кабинетшіл шенеуніктердің елге баруға деген құлқы жоқ. Өйткені, «асфальтт­а өскен» балалар қарапайым халықтың тағдырын түсінбейді. Мысалы, олар «Ауылда жол жоқ» деген мәселені құлағымен ғана естиді. Жан-жүрегімен сезініп, ауылдағы елдің орнына өздерін қойып, түсіне алмайды. Үшіншіден, министрліктерге қызметке келген көп жастар қағаздағы жазуды оқи алса да, жұртпен сөйлесуді білмейді. Бұл - өте үлкен кемшілік деп ойлаймын. «Өз елім үшін отқа да күюге дайынмын!» деп елмен етене араласып, жұмыс істеймін дегендер жоқтың қасы»,-дейді М. Айсина.