Жастар мемлекет қолдауын сезініп келеді - қостанайлық өрт сөндіруші
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Астана қаласында Елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының ашылу салтанатына қостанайлық өрт сөндіруші Дамир Байжарасов та қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
24 жастағы өрт сөндіруші Дамир Байжарасовтың қызмет барысындағы суреті бүкіл Қазнетке танымал болды. Желі тұтынушыларының көзайымына айналған Дамир «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатына қатысуға шақырту алды.
«Елімізде жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған бірқатар іс-шараны іске асыру басталды. Бұл жай ғана атап өтетін дата немесе әлдебір мақсаттардың декларациясы емес. Бұл - Мемлекет басшысы жүктеген нақты тапсырмалар. Біз мемлекет қолдауын үнемі сезініп келеміз. Елбасының бастамаларын Қостанай облысының өртке қарсы гарнизоны әрқашан қолдайды. Астанадағы Жастар жылының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Елбасының сол басқосуда айтқан идеяларын орындау үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Ерінбеген жасқа жұмыс табылады. Бастысы, ерік-жігер, елдің дамуына атсалысуға деген ниет керек», - дейді Дамир Байжарасов.
Еске салсақ, 14 желтоқсан күні облыс орталығында Чехов көшесінде 5 қабатты тұрғын үй өртеніп іштегілер сыртқа шыға алмай қалған. Операциясы кезінде Дамир Байжарасов өз командасымен жанкешті әрекет жасап, бірнеше жанды құтқарып қалған еді.
Нақты айтқанда, тілсіз жау тұтқынынан 9 адам ессіз күйде тысқа шығарылған болатын. Оның ішінде 7 адам тірі қалды, екі адам көз жұмды. Сол өртте барлығы 27 адам құтқарылды.