Жастар мүддесіне қызмет ететін заң жобасы жасақталды - Мәжіліс депутаты Б. Сыздықова

ТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы жақын арада Парламент қарауына түседі.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел отырысы барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақыт Сыздықова мәлім етті.

«Біз Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын жасақтадық. Бұл заң жобасы жастар мүддесіне толыққанды қызмет ететін болады», - деді Б. Сыздықова.

Оның айтуынша, аталмыш жоба Парламент қабырғасына жақын уақыттарда түсіп, төменгі палатада талқыланады.

Бақыт Сыздықованың сөзіне қарағанда, қолданыстағы заңның кемшін тұстары көп және жастардың әлеуметтік мәселелерін түгелімен көтере алмай келеді. Сондықтан жастар саясатын түбегейлі өзгертетін жаңа заң жобасын жасақтау бастамасы көтерілді.

«Қазіргі таңда жастармен жұмыс стихиялық сипатта жүреді. Сайлау науқаны басталғанда партиялар жастарды түрлі ұранды акцияларға көптеп тарта бастайды. Сайлау аяқталысымен оларды ұмытып кетеді. «Жастар саясаты туралы» Заң да жастар мәселесін толыққанды көтере алмай келе жатыр. Онда барлығы 20 бап бар, олардың 50 пайызы жұмыс істемейді. Олар шынымен де орындалмайды және заң аясында қаржы бөлінбейді», - деп атап көрсетті мәжілісмен.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңда сілтемелі баптар өте көп.

«Мысалы жергілікті жерде жастар мәселесіне қатысты сұрақтарды шешу керек болса, жергілікті органның қарауы бойынша реттеледі делінеді. Ал ол жерде әкімнің көңілі шаба ма, шаппайды ма, жастарға азамат ретінде қолдау көрсетуге кұлықты ма, құлықты емес пе ол жағы белгісіз. Ал жаңа заң жобасында бюджет мүмкіндіктеріне қарамастан, жастарға қолдау көрсету міндеттеледі. Біздің мақсатымыз - әлеуметтік сипаттағы заңды өмірге әкелу. Өйткені жастардың алдында баспана, квота, жұмыспен қамту, отбасылық мәселелер тұр», - деді Б. Сыздықова.

Соңғы жаңалықтар