Жастар ресурстық орталығы арқылы 3,3 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Астана Жастары» орталығы арқылы бір жылда 3 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастар ресурстық орталығы арқылы 3,3 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты

Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, бүгінде «Астана Жастары» Жастар ресурстық орталығы арқылы жұмыссыз жүрген көптеген адам тұрақты қызметке орналасты.

«Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың басынан бері еңбекке орналастыру мәселесімен 9 751 жас жолықты. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 7 452 жас қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 3 368 адам, жастар практикасына – 552, әлеуметтік жұмыс орындарында – 39, қоғамдық жұмыстарға – 863 және қысқа мерзімді оқуға 38 адам жолданды», - деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

Сонымен қатар Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыру аясында 2 592 адам жұмысқа орналасты. Сол сияқты жастарды жазғы уақытта жұмыспен қамтуға, студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары жобасы жүргізіледі. Жоба аясында маусым-тамыз айларында жұмыссыз студент пен көпбалалы отбасылардан шыққан 1 200-ге жуық жас қамтылды. Оның ішінде 731-і - көпбалалы отбасылардан шыққан.

«Басқарма 2016 жылдан бастап 300-ден астам ұйымдармен мемарандумға отырып, «Astana job» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба бойынша 3000-ға жуық жас жұмысқа орналасты. Күніне 5 вакансия, ал жұмыс іздеушілерден 10-ға жуық түйіндеме түсіп отырады. Бұл бағыттағы жұмыс ары қарай да жалғаса береді. Біз жұмыс іздеп жүрген жастарды және жұмыс ұсынушыларды ынтымақтастыққа шақырамыз», - деді Қайрат Қамбаров.

Егер сіз жұмыс іздеп жүрсеңіз немесе сізге жұмысшы қажет болса, түйіндеме мен өтінімді job.astana.kz@mail.ru электронды поштасына жіберуге болады. ⠀
Сондай-ақ бос жұмыс орындары туралы ақпараттар @job_astana_jastary парақшасында жарияланып отырады.