Жастар секталардың шырмауына түспеуі үшін діни сауаттылықтарын арттыру керек -Алматыдағы дөңгелек үстел
АЛМАТЫ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Секталардың шырмауына түспеу үшін, жастар арасында көбірек діни сауаттылық бойынша жұмыстар жүргізіліп, олардың діни біліктіліктерін арттыру керек.
Дәстүрлі емес діни ағымдардың жұмыстарына билік тарапынан тосқауыл қою қажет. Саңырауқұлақтай қаптаған дәстүрлі емес діндер алдап-арбау мен идеологиялық құрал арқылы елдің бірлігіне іріткі салуда. Бұл туралы бүгін Алматыда "Сектадан сақтан" деген тақырыппен өткен "дөңгелек үстел" отырысында айтылды.
Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Ғабит Кенжебаевтің айтуынша, қазақ тарихында ешқашан Атыраудағыдай тосын оқиғалар, терроризм сияқты мәселелер өзекті болған емес. "Соңғы кезде елімізде болып жатқан жайсыз оқиғалар келеңсіз нәрселердің қалыптасып, қордаланып жатқандығын айқын көрсетеді. Оның түпкі тамыры дәстүрлі емес діндердің қалыптасуына әкеп отыр. Бүгінгі таңда өздеріңіз көріп, біліп отырғандай елімізде дәстүрлі емес діндер қанат жайып бара жатыр және олар дінімізге қарсы жұмыс жасауда, ел бірлігіне қауіп төндіруде. Бір өкініштісі, ол секталардан қаншама отбасы зардап шегуде және оның ықпалына көбіне жастар ұрынуда",-деп атап өтті ол.
Оның пікірінше, шырмауға түспеу үшін, халықтың және тез еліктегіш келетін жастар арасында түсіндіру және насихаттық жұмыстарды көбірек жүргізу керек. "Бірден 20 жыл бойы қалыптасқан секталарды жойып жіберу мүмкін емес, сондықтан бірте-бірте үгіт-насихаттық жұмыстарын күшейту арқылы және олардың жұмыстарына қарсы бағыттағы шараларды кең жүргізу арқылы жоюуымыз керек",-деді Ғабит Кенжебаев.
Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде дәстүрлі емес бірлестіктердің саны 54-тен 1189-ға дейін артса, соңғы 1-2 жыл ішінде 19 мемлекеттік емес діни ұйымдар тіркелген. Бүгінгі статистикалық мәліметттерге сүйенсек, әрбір ұйымға орта есеппен 50 адамнан барады екен.
Аталмыш шара еліміздің болашағы болып табылатын жастар арасында сектаның мақсаты мен көздеген мүддесін, елдің арасына салып жатқан іріткі саясатын анықтап айту мен жастардың секталардың шырмауына түсіп кетпеуі үшін арнайы ұйымдастырылды.
Басқосуда негізгі дін - мұсылман дінінің қашан пайда болғандығы, маңыздылығы мен өзектілігі, тарихы, жалпы қазақ қоғамындағы әр қилы кезеңдерде мұсылман дінінің өлмей, халықтың негізгі діні болып сақталып қалғаныдығы, хиджап кию мен сақал жіберу, сондай-ақ өзге діндердің ықпалына түспеу сынды тақырыптар сөз болды.
Дөңгелек үстелде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілі Оңғар қажы Өмірбек пен аталмыш діни мекеменің уағыз- насихат бөлімінің қызметкері Асылбек Ноғаев сөз сөйлеп, студент-жастар тарапынан қойылған діни мәселелерге байланысты сұрақтарға жауап берді.
Дөңгелек үстел барысында Ислам дінінің уағыздарын насихаттайтын кітаптар мен арнайы фильм көрсетілді.
Басқосуға университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты.